Tesla-ның тоқсандық есебі АҚШ-тың негізгі индекстерін қымбаттатуы мүмкін
АҚШ-тағы сайлау жақындаған сайын инвесторлардың алаңдаушылығы да артып келеді. Дүние дидарын өзіне аударатындай дүрбелең болмаса да, нарықтағы жағдай инвесторларды әрі-сәрі күйге бөлеп отырғаны рас. Әсіресе «Таңдаулы жетілік» акциялары мен технологиялық сектордағы сатылымдар өскен сайын инвесторлар да тықым қыса түсті. Сауда көлемі үш күн қатарынан артып келеді, бұл да нарықтағы үрейдің үдей түскенін көрсетеді.
Аналитиктер жағдайды әртүрлі түсіндіріп отыр. Ортақ пікір де жоқ. Кейбіреулер бұл жағдайды қанағаттанарлықсыз есептермен байланыстырса, басқалары 10 жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігінің өсуімен, тағы біреулері Tesla-ның тоқсандық есебінің шығуына дейінгі қорқынышпен түсіндіреді. Дегенмен, аптаның басынан бері негізгі америкалық индекстер біртіндеп төмендеп, 1%-дан астам шығынға ұшырады.
Біз соңғысына – Tesla-ның жайына тоқталмақпыз. Аптаның бірінші жартысы теріс трендпен өткен болса, алдағы екі күнде жағдай өзгеруі мүмкін. Оған Tesla компаниясының тоқсандық есебі себеп бола алады. Аталған есеп сәрсенбі күні сауда аяқталғаннан кейін жарияланды.
Есепті барлығы күткені рас. Алайда үміттер мен күмәндер қатар жүргенін де жасырмайық. Соңғы айда компания акциялары шамамен 20%-ға арзандады. Бұған басты себеп ретінде Илон Масктың назарын басқа жобаларға аударып, негізгі автомобиль жасау бизнесіне аз уақыт бөлуі аталды. Дәл осы себептен сәрсенбінің кешінде сарапшылар бұл есепке күмәнмен қарады. Ал бұл жалпы нарыққа теріс әсер етті әрі сатылымдарды күшейтті.
Дегенмен, Илон Маск компанияның қаржылық жағдайы жақсы және болашағы жарқын екенін мәлімдеді. Осы мәлімдеме мен жақсы қаржылық көрсеткіштер инвесторлардың сенімін арттырып, пост-маркет кезеңінде компания акцияларының 12%-дан астам өсім көрсетуіне себеп болды. Ал бұл қыркүйектегі роботакси презентациясынан кейінгі құлдырауды жойды.
Tesla есебінің оң әсері бүкіл нарыққа таралды және жетекші америкалық индекстердің фьючерстері 0,5%-ға дейін өсе бастады.
Morningstar талдаушысы Сет Голдштейн Bloomberg-ке берген сұхбатында үшінші тоқсандағы Tesla нәтижелерінің жақсаруына әр көліктің өзіндік құнының төмендеуімен бірге өндіріс көлемінің артуы, сондай-ақ тұрақты бағалар септескенін алға тартты.