Қаржы кеңесшісіне қандай жағдайда жүгінген жөн?

Жарияланды (жаңартылды )
документы
Фото: Shutterstock

Қаржы кеңесшісінің қызметіне жүгінетіндер Қазақстанда онша көп емес. Десе де әлеуметтік желіде жаңа трендтер пайда болып отыратынын ескерсек, қаржылай кеңес алу да біртіндеп сәнге айналып келеді. Бұған дейін ел арасында қаржы кеңесшісін тек байлар не бизнесі барлар іздейді деген түсінік болған. Бірақ табысы орташа адамға болсын, тіпті кредитке «батып» кеткен, артық ақшасы жоқ адамға болсын қаржы кеңесшісінің көмегі қажет-ақ. Неге олай екенін түсіндіріп көрелік.

Қаржы кеңесшісі деген кім?

Қаржы кеңесшісі деп ақшаға қатысты мәселелерін оңды шешіп, қаражатты басқаруға көмектесетін маманды айтамыз. Ол бизнесмендерге де, қарапайым адамдарға да керек. Олардың жұмысын сәулетшілерге ұқсатуға болады. Айырмашылығы — сәулетшілер үйдің жоспарын сызатын болса, қаржы кеңесшілері өмірдің қаржылай жоспарын құрып береді. Бұл мамандар түрлі салаға маманданады. Мысалы, кейбірі инвестициямен айналысады, енді бірі қаржы қорын жасауға көмектеседі. Кей қаржы кеңесшілері қаржы сауатын арттыруға қол ұшын береді. Яғни олар да дәрігерлер не заңгерлер секілді белгілі бір саланы таңдап, сол бағытта жұмыс істейді. Арасында бірнеше бағытты қатар алып жүретіндері де болады.

Көбіне қаржы кеңесшілерінің көмегіне отбасылық бюджетті оңтайландырып, балаларының болашақтағы оқуына ақша жинап қоюға, жылжымайтын мүлік алуға не кредит, салық, ипотекаларына қатысты мәселелерді шешу үшін жүгінеді. Ол үшін кеңесшілер отбасындағы не жеке адамның басындағы қаржылық жағдайға талдау жасайды. Содан соң қай жерде шығынды азайту керек, ақшаны қалайша көбірек жинауға болады, қалай табысты арттыруға болатынын айтып көмектеседі.

Білікті маманға кезіксеңіз, олар түрлі қаржы құралымен жұмыс істеп үйренгендіктен, адамның ойына кіріп шықпайтын небір шешім ұсынуы мүмкін. Жалпы алғанда қаржы кеңесшілері көп жағдайда қаржылық білімі бар, есепші болып істеп көрген, аналитика, заңнама, инвестициялаудан хабары бар адамдар болады. Бірақ кеңесшіге жүгінген бойда барлық қарыздан құтылып, табан асты байып кетемін деп ойламаңыз. Себебі олар — сиқыршы емес. Мақсатыңызға жеткіңіз келсе, онда маманның айтқан кеңесін тыңдап, нұсқаулықтарын орындауыңыз керек. Темірдей тәртіп болмаса, күш салмасаңыз, уақытыңызды арнауға дайын болмасаңыз, қандай мықты маман болса да, сізге көмектесе алмайды.

Қаржы кеңесшісі қандай мәселелерді шешуге қол ұшын береді?

  • Пәтер алуға не көлік алуға ақша жинауға көмектесе алады. Сіз үлкен, ауқымды зат алуды жоспарлап жүрсіз делік. Яғни қаржылық мақсатыңыз әжептәуір. Бірақ қалай ақша жеткізетініңізді не қандай жолмен алған дұрыс екенін білмейсіз. Әсіресе, ресурсы жеткіліксіз адамдар мақсатына жету үшін сара жол салып беруін сұрап келеді. Қаржы кеңесшісінің жұмысы осы жерде басталады. Алдымен ауқымды сауалнама жасап, өзіне керек сұрақтарға жауап алады. Қазіргі қаржылық жағдайыңызға шынайы баға береді. Сөйтіп сауалнама кезінде берген жауаптарға қарай нұсқаулық әзірлейді. Оған қоса инфляция, қатерлер мен басқа да параметрлерді ескереді. Маман бастапқы жарнаға қалай ақша жинауға болатынын, кредит алғанда қандай сценарий сізге ұтымдырақ болатынын, ақшаны қайда жинаған жөн екенін айтып береді. Осылайша сіз жеке қаржы жоспарын жасап қана қоймай, өмір бойы пайдасын беретін білім аласыз. Қаржы сауатыңыз арта түседі.  
  • Зейнетке шыққанда көбірек зейнетақы алу үшін не істеу керек екенін айтып, кеңес береді. Яғни қарттайғанда қамсыз жүрейін дегендер қаржы кеңесшісіне жүгінеді. Кеңесші мақсатыңызға қалай жетуге болатынына қатысты бірнеше нұсқа ұсынады. Оның ішінде клиенттің жағдайын ескеріп, қазіргі табысы мен болашақта алғысы келетін зейнетақы мөлшерін есепке алады. Сөйтіп зейнетке шығуға қалай дайындалу керек екеніне кеңес береді. 
  • Жұмыс ауыстырғысы келетіндер не басқа салаға ауысқысы келетіндер де маманға жүгінеді. Мысалы, сіз қазіргі істеп жүрген жұмысыңыздан жалығып, басқа салаға ауысқыңыз келді делік. Бірақ нарықтағы табыс қандай, онымен өмір сүру қаншалықты жеткілікті болады деген сауалдар ойдан шықпайды. Мұндайда қаржы кеңесшісі көмектесе алады. Осындай ауыспалы кездің қанша уақыт алатыны белгісіз болғандықтан, екі ортада табыссыз қалмауыңыз керек. Сондықтан қаржы кеңесшісі толықтай талдау жасап, жайсыз күйде қалмауыңызға көмектеседі.
  • Тойға қалай дайындалу керек, некелескен соң рөлдерді қалай бөлу қажетін де тізіп бере алады. Маманмен кеңескен кезде «аспанда ұшып жүрмей», жерге түсіп, жағдайға салқынқанды қарап үйренесіз. Өйткені қаржы кеңесшісі жас жұбайларға тойға ақша жинаудың жолын нұсқап қана қоймай, отбасылық бюджетке қатысты да кеңес береді. Ортақ бюджетті қалай жүргізген жөн, салық мәселесі қалай болады, шығын мен табысты қалай бөлу керек — бәрін тізбектеп реттейді.
  • Отбасындағы қаржылық жағдайды реттеуге көмектеседі. Мысалы, үйде біреу ғана жұмыс істеп, қалғаны соның ақшасына қарап отыруы мүмкін. Мұндай жағдайда тәуекел өте жоғары. Себебі сол асырап отырған адамға бірдеңе бола қалса, жағдай қиындайды. Сондықтан мұның алдын алған жақсырақ. Қаржы кеңесшісіне осы мәселемен хабарлассаңыз, ол бәрін ескере отырып, қорғаныс механизмдерін қалай қосқан жөн екенін айтып береді. Есесіне, қамсыз жүресіз.
  • Балалардың оқуына ақша жинауға көмектеседі. Ата-ана болған соң, балаларының жақсы жерде оқығанын қалайды. Сол үшін көбі баласы кішкентай болған кезден бастап ақша жинай бастайды. Тіпті болмаса, баласына үй алып қоюға не бір керек затына жарату үшін ақша жинап қоюға ниеттенетіндер бар. Мұндайда қаржы кеңесшісі сіздің қалауыңызға қарай ай сайын қанша ақша салып отыру керек екенін есептеп береді. Егер оқуға арнап жинаймын десеңіз, онда мемлекеттік депозиттерден хабардар болғандықтан, ең тиімдісін ұсынады.
  • Кредитті реттеуге көмектеседі. Қаржы кеңесшілеріне осы мәселемен жүгінетіндер көп. Мысалы бір басында бірнеше кредиті бар, тапқанынан шығыны көп адамдар маманға барып, кеңес сұрайды. Осылайша қалай қарыздан құтылуға болатынын, өте көп кредит болса, қалай қайта қаржыландырған жөн екенін айтып, жол сілтейді.
  • Салыққа қатысты мәселелерде көмектеседі. Яғни декларация тапсырып, есеп жүргізіп, салық жүйесінің қыр-сырын жақсы білетіндіктен, барынша игілігін көруге қол ұшын береді. Зейнетке шыққанда не қызметті ауыстырғанда да салықты оңтайландырады.
  • Мұраны дұрыс игеруге көмектеседі. Айталық, сізге көлемді мұра қалдырған болса, оған сауатты иелік еткен жөн. Сонымен бірге лотереядан да аяқ-асты ақша ұтып алсаңыз, көлемді соманы дұрыс игеру үшін қаржы кеңесшісіне жүгінген абзал. Әйтпесе, тегін келген ақша деп қалай болса солай жұмсап, ертесіне-ақ қалтада көк тиынсыз қалуыңыз ғажап емес. Оның орнына болашақты ойлап, қамсыз өмір жасауға тырысқаныңыз жөн.
  • Инвестициялық қоржын құруға көмектеседі. Инвестициялық кеңесші деген статусы бар қаржы кеңесшілері құнды қағаздарға қатысты кеңес бере алады. Инвестициялауды қай бағыттан бастаған абзал екенін айтады. Қандай тәуекел барын, бағыттан қалай жаңылмауды көрсетіп, стратегия құрады. Бастысы, қаржы кеңесшісі сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де инвестициялаудан тәжірибесі бар адам болуы керек. Бұл өте маңызды екенін ескеріңіз.

Қалтасында қанша ақшасы бар адам кеңесшіге барғаны жөн?

Бұл бірінші кезекте сіздің қаржылық мақсатыңызға байланысты. Жалпы алғанда бәріне бірдей керек деген пікір бар. Өйткені өмірде түрлі жағдай болады. Бірінің табысы өте аз, тапқаны түгел қарыз жабуға кетеді. Ол адам көп таппаса да, оған кеңесші керек. Сол секілді артық ақшасы бар, бірақ қайда саларын білмей жүретіндер болады. Оларға да маманмен сөйлескен дұрыс. Сондықтан табатын табысына қарамастан, қаржы кеңесшісінің көмегі кез келген адамға қажет болуы мүмкін. Олай болса, маман таңдағанда нені ескеру керек.

Қаржы кеңесшісін қалай таңдау керек?

Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені дәрігер таңдағанда жақсысына жолығу қандай маңызды болса, қаржы кеңесшісіне келгенде де дәл солай. Әлбетте, бірінші кезекте маманның тиісті білімі болуы керек. Дипломнан бөлек, қаржы саласында жұмыс істеген, тәжірибелі маман болуы маңызды. Қазір бренд қалыптастыратын заман болғандықтан, білікті мамандар әлеуметтік желіде парақшасын белсенді жүргізеді. Заманауи құралдарды сауатты пайдаланады. Бірі парақшасына толық ақпарат салып қойса, енді бірі толыққанда сайт ашып, сол жерде прайс, тізім — бәрін жазып қояды. 

Десе де бәріне бірдей сене бермеңіз. Өйткені сізге «бай болып кетесіз», «табысыңызды еселеп көбейтемін» деп үйіп-төгіп уәде беріп, күмәнді қаржы операцияларын жасауға итерлемейтін алаяқтар да болады. Сол себепті қаржы кеңесшісін таңдағанда, жеті рет өлшеп, бір кескен дұрыс. Қолдағы ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Елімізде қаржы кеңесшілерінің реестрі жоқ. Бірақ кәсіби қауымдастықтар бар. Ол жерге мүше болу міндетті болмаса да, егер құрамында болса, тіпті жақсы.

Сондай-ақ оқыңыз