Энергетика министрлігі Қазақстанның ішкі нарығын автогазбен толық қамтамасыз ете алмай отырғанын растады
Энергетика министрлігі Батыс Қазақстан облысында сұйылтылған газ жетіспей жатқанын растады. ҚазТАГ-тың жазуынша, министрлік автогазға нарықтағы сұраныс 20-25% өскенін хабарлаған.
Қазан айына «Жайықмұнай» ЖШС қорынан БҚО-ға 3510 тонна сұйылтылған мұнай-газ (СМГ) бөлінген. Қазіргі уақытта 2689 тонна автогаз жеткізілген. Яғни шикізаттың 70%-ы өндірілген. Бірақ Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмысы жүргізілуіне байланысты «Жайықмұнай» көрші облысқа газ жеткізуге мәжбүр. Аталған ЖШС 2500 тоннаға жуық шикізат жеткізуге тиіс.
«Министрлік зауыттардағы өндіріс көлеміне байланысты нарыққа ай сайын шамамен 130-140 мың тонна СМГ бөледі, ал нақты сұраныс шамамен 164 мың тоннаны құрайды, бұл шамамен 20-25% тапшылықты тудырады», – деп жауап берген ведомство.
2023 жылы сұйылтылған мұнай-газға дейін сұраныс 14% өсіп, 2,2 млн тоннаға жеткен. Автогазды тұтынатын көліктер саны шамамен үш жылда 1,5 есе өскен. 2021 жылы газбен жүретін 313 мың көлік есепке алынса, олардың саны 582 мыңға жетті. Мұның сыртында тіркелмеген көліктер барын естен шығармау керек.
Министрлік автогаз бағасының өспегені айтарлықтай қиындық туындатып отырғанын мәлімдеді. СМГ-ның өзіндік құны тоннасына 60-70 мың теңге болса, оның шекті бағасы 45 158 теңге болып бекітілді. «Осының салдарынан зауыттар әр тоннадан 20-30 мың теңге көлемінде шығынға ұшырап отыр», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Ведомство ТМД аумағында автогаз тасымалдауға тыйым салуды тағы да алты айға ұзартпақ.