Қазақстан Франциямен бірлесіп, АЭС салынатын Балқаш бассейніне зерттеу жүргізеді

Жарияланды
Қазақстан мен Франция Іле-Балқаш бассейніне зерттеу жүргізеді / Фото: kursiv.media

Қазақстан Франциямен бірлесіп, АЭС салынуы тиіс Балқаш көліне зерттеу жүргізеді. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады», – делінген хабарламада.

Кездесу барысында екі ел тарапы арнайы меморандумға қол қоюға келіскен. Атап айтқанда Францияның даму агенттігімен (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен (BRGM) ынтымақтастық туралы меморандумға және үшжақты келісімге қол қоймақшы. Осы келісім негізенде министрлік аталған ұйымдармен бірлесіп Іле-Балқаш бассейніне кешенді зерттеу жүргізеді. Сонымен қатар шетелдік ұйым жерасты суларын зерттеуге көмектесіп, жер асты су ресурстарына мониторинг жүргізу, барлау және игеру мәселелерін де зерделейді.

Кездесу барысында Су ресурстары және ирригация министрі Францияның Халықаралық су бюросымен (OiEau) ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға мүдделі екенін жеткізген.

«Меморандум мен келісімге қол қою біздің ынтымақтастығымыз үшін маңызды қадам болмақ. Біз француз әріптестерімізбен ұзақ мерзімді және нәтижелі жұмыс істеуге ниеттіміз», – деп мәлімдеді министр Нұржан Нұржігітов.

Ал Франция елінің өкілі Сильван Гиоге министрдің бұл бастамасын қолдап, француз компаниялары Қазақстанда су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша жобаларға қатысуға ниет білдіріп отырғанын жеткізді. . Сондай-ақ, су шығынын анықтайтын және суды басқаруды оңтайландыратын компаниялар да серіктестік орнатуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, Балқаш көлінде судың қалыпты деңгейін сақтап тұру үшін Қазақстан үкіметінің Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы «Курсив» жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз