Жеке тұлғалар үшін теңгедегі депозитке ақша салу тиімсіз болуы мүмкін бе?
Қыркүйек айында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша (теңге) орташа мөлшерлеме 13,4%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Ұлттық банк сайтындағы жедел статистикада жазылған.
Теңгедегі депозиттердің пайызы төмендеді
Тамызда жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме 13,5%-ды құраған. Демек көрсеткіш 0,1%-ға азайған. Бұл 2022 жылдың желтоқсанынан бастап ең төменгі динамика болып есептеледі. Ал шетел валютасындағы депозиттердің мөлшерлемесі өзгерген жоқ (0,9%).
Бұл ретте жеке тұлғалар үшін ең тиімдісі 1-3 айлық теңгелік депозиттер. Олардың пайыздық мөлшерлемесі шамамен – 15,4%-ды құрайды. Тамызда көрсеткіш рекордтық 15,6%-ға жеткен. Қыркүйекте 0,2%-ға төмендеді.
Заңды тұлғалар үшін көрсеткіш өсті
Ал заңды тұлғалар үшін теңгелік депозиттердің орташа мөлшерлемесі өткен айға қарағанда 0,1%-ға өсіп, 13,2%-ды құрады. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттердің мөлшерлемесі 2,5%-дан 2,6%-ға артты.
Ұлттық банк дерегінше, өңірлер арасында банктер тартқан жинақтар бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орында елорда. Үлесі төмен өңірлер тізімінде Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан облыстары бар.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың маусымында Қазақстанның депозитарлық ұйымдарындағы жинақтарының көлемі бір айда 3,7%-ға өсіп, 35,7 трлн теңгені құрады.
Маусымда жеке тұлғалардың депозиттері бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме өзгерген жоқ (теңгеде 13,6%, шетел валютасында 0,9%). Заңды тұлғалар үшін теңгеде 13,7%-дан 13,5%-ға, шетел валютасында 2,6%-дан 2,5%-ға дейін азайған еді.