Дубайға ақшасы мен мүлкін жасырғандарға тықыр таяды ма?

Жарияланды
Басты тақырып – капиталды кәсіби жылыстату және заңсыз шығарылған капиталды қайтару мәселесі/фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді қалталы қазақстандықтардың Дубайға заңсыз тапқан ақшасы мен мүлкін апарып жасыру бұрынғыдай мүмкін болмауы ықтимал. Өйткені Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қаржы жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресте ынтымақтастықты күшейтіп жатыр.

Осы мақсат үшін бүгін Қаржы мониторингі агенттігіне БАӘ-нің Табысты жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл атқарушы кеңсесінің делегациясы келді. Оны аталған кеңсенің бас директоры Хамид Әл Зааби бастап келді.

Әрине, басты тақырып – капиталды кәсіби жылыстату және заңсыз шығарылған капиталды қайтару мәселесі.  

БАӘ-мен арада Қазақстанның жылыстатуға қарсы жүйесіне қатысушылардың кәсіби деңгейін арттыруда ықпалдастық туралы келісімге қол қойды. Бұл Қылмыстық жолмен тапқан табысты заңдастыруға қарсы іс-қимыл бойынша сертификаты бар мамандар қауымдастығында (ACAMS) жүзеге аспақ.

Сонымен қатар кездесу барысында тараптар қауіп-қатерлерді бағалау үдерісін цифрландыру және виртуалды активтерді заңсыз пайдалануды анықтау тәсілдері туралы пікір алмасқан. Заңсыз есірткі айналымы да ескерусіз қалған жоқ.  

Тараптар ведомство аралық іс-қимылдың жоғары деңгейге жеткенін, әрі қарай дамыта түсуге ниетті екенін атап өтті.

Мұның алдында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Дубайда бес жүздей қазақстандықтардың жылжымайтын мүліктері бар екенін, заңсыз активтері анықталса, арнайы тізімге енгізіліп, қаржының көздерін анықтау жұмыстары жасалатынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз