Жартылай ресейлік кәсіпкерге тиесілі компания Ақмола облысында алтын өңдейтін фабриканы іске қосқалы отыр

Жарияланды
Принадлежащая россиянину компания будет добывать более 100 кг золота на месторождении в Акмолинской области
Құйма құрамында алтын мен күмістің көлемі 70%-дан кем болмайды/ фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

QARABULAQ GOLD ЖШС Қарабұлақ кенішінің құрамында алтыны бар шикізатты өңдейтін модульды кен байыту фабрикасын іске қоспақ. Бұл кеніш әкімшілік тұрғыдан Ақмола облысы Степногорск қаласына қарайды. Оған 2,26 га жер телімі бөлінген.

Бұрын бұл нысан Adelya Gold ЖШС атына тіркелген болатын. 2024 жылы QARABULAQ GOLD болып қайта тіркеліпті. Мекеменің негізгі қызметі – құрамында алтыны бар шикізатты өңдеу және байыту. Жылына 350 000 тонна кен өңдемек. Дорре алтын-күміс құймасын шығарып, оны Астана қаласындағы «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ның аффинажды зауытына жібереді.

Құйма құрамында алтын мен күмістің көлемі 70%-дан кем болмайды. Қоспасы 30%-дан аспайды. Соның ішінде, мыс, темір, мырыш 20%-ға жуық. Құжаттары 2019 жылы жасалғанмен, қаржылық қиындықтарға байланысты нысан іске қосылмай қалған болатын. Нысан 2023 жылдың 28 қыркүйегінде ғана қабылданды. Ал 2024 жылы өңдеу технологиясын байқау үшін пайдалануға беру жұмыстары жасалған. Бірақ өндірістік қуаты толық іске қосылмаған.

Бір қызығы, құжаттарда 350 000 тонна кен 350 тонна болып қате көрсетіліп кеткен екен. Бұл қате мекемеге үлкен айыппұл төлеуге түрткі болуы ықтимал. Сондықтан қателікті дереу түзетуді көздеп отыр.

Жер телімінің шығыс жағында 1,6 шақырым жерде Степногорск-Ақсу тас жолы бар. Солтүстігінде алты шақырым жерде Азат-Степногорск автокөлік жолы өткен. Ең жақын теміржол стансасы – Алтынтау.  

2025 жылдың қыркүйек айында QARABULAQ GOLD ЖШС нысанды пайдалану салдарын жою жоспарын жасауы тиіс. Жер уақытша, өтеулі, ұзақмерзімге беріледі. Нақты айтқанда, 12 жылға. Нысан Бурабайдан 50 шақырым жерде орналасқан. Күзетілетін жерге жатпайды. Қорықтарға зиян келтірмейді.

QARABULAQ GOLD ЖШС-ның құрылтайшылары – ресейлік кәсіпкер Стриганов Алексей Андреевич және Мұқашев Даурен Рахметович. Тамыз айындағы мәлімет бойынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 150 адам жұмыс істейді. 2023 жылы болжалды жылдық түсімі 2 376 470 578 теңге болған. Ашылғалы бері төлеген жалпы салығы – 282 749 837 теңге.

Сондай-ақ оқыңыз