Вьетнамдық инвесторлар сатып алу туралы мәміле жасағалы жатқан Qazaq Air рейстері қауіпсіз деп танылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Qazaq Air қызметі халықаралық стандартқа сай деп танылды/ фото: kursiv.media архивінен

Қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясы IOSA (IATA Operational Safety Audit) халықаралық стандартына сәйкестігі бойынша аудиттен сәтті өтті. Аудит компания қызметінің барлық негізгі бағытын, соның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен жолаушыларға ұсынылатын сервис сапасын қамтыды. Жаңа сертификат 2026 жылдың қарашасына дейін жарамды болады.

Бағалауды Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) аккредиттелген тәуелсіз аудиторлық ұйым жүргізді.

Әуе тасымалдаушысы сертификат компанияға әуе тасымалы нарығындағы позициясын нығайтуға және қауіпсіздік стандарттарын жетілдіруді жалғастыруға мүмкіндік береді деп санайды. Qazaq Air – Самұрық-Қазынаның еншілес компаниясы.

Мамыр айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq Air әуе компаниясын вьетнамдық инвесторларға сату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Көлік министрі Марат Қарабаев транзакция сомасы 38 млрд теңге болуы керек екенін айтты. Бұған дейін қор авиакомпанияны жекешелендіру жоспарына сәйкес бірнеше рет аукционға қойған, бірақ олар өтпеді деп танылған.

Қазан айының басында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов вьетнамдық SOVICO Group холдингінің Qazaq Air әуе компаниясын сатып алу жөніндегі мәміле геосаяси жағдайға байланысты кейінге қалдырылғанын айтқан. Дегенмен Жақыпов жыл соңына дейін мәміле аяқталатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз