Changan, Haval, Chery, Geely, Exeed, KIA. Қазақстанда осындай маркалы көліктерді шығаратын бірнеше зауыт ашылады
Қазақстанда Changan, Haval, Chery, Geely, Exeed, КAIYI, KIA сынды көліктерді шығаратын бірнеше зауыт ашылады. Бұл жайлы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Министр өзі есебінде осы жылдың басынан бері, яғни 9 ай ішінде елде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылғанын айтты. Алдағы уақытта бұл көлемді ұлғайтып, оның ішінде отандық компоненттермен шығарылатын автокөліктер санын артыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, Алматыда мультибрендті зауыт ашылып, онда жылына 90 мың автокөлік шығарылатын болады. Бұл кәсіпорын 3600 адамды жұмыс орнымен қамтиды. Екіншісі, Қостанайда салынып жатқан KIA зауыты. Мұнда жылына 70 мың автомобиль шығарылып, 1500 адамды жұмыспен қамтиды. Бұл кәсіпорын құрылысына 200 млн доллар көлемінде қаражат тартылған. Ал Geely, Exeed, КAIYI жеңіл автомобильдер өндірісін жолға қою үшін 150 млн доллар көлемінде инвестиция тартылған.
«Біз отандық автомобильдердің CKD әдісімен өндірісін ұлғайтуға баса назар аударамыз. Бұл дегеніміз – елде шығарылған автомобильдерде отандық компоненттердің үлесін арттыру»,- деді Шарлапаев.
Министр бұл бағытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен Қазақстанда жаңа зауыттар салу бойынша нақты шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Мәселен, Changan, Haval, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы жақында аяқталады. Бұл зауытта CKD әдісімен жылына 90 мың бірлік автокөлік шығарылады деп жоспарланған.
Шарлапаевтың айтуынша, жалпы алғанда машина жасау саласына осы жылдың 9 айында шамамен 124 млрд теңге инвестиция тартылған.
«Оның өсімі 2 есе болды. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгені құрады. Машина жасау саласында ең үлкен үлесті автомобиль – 39%, теміржол – 13% және электротехникалық машина жасау 9%-ды құрады»,- деді министр.