Моңғолия қазақстандық спутник жүйесін сатып алу туралы келісімге қол қойды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Моңғолия қазақстандық спутник
Моңғолия қазақстандық спутник жүйесін орнатады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Моңғолия қазақстандық спутник жүйесіне қызығушылық танытып, оны орнату туралы келісімге қол қойды. Яғни отандық жер серігі алғаш рет экспортқа шығады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға ресми сапары кезінде президентке еріп барған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиев келісімге қол қойды. Оған сәйкес, Қазақстан Моңғолия үшін жер серігін құрмақ. Бұл спутник қазақ-моңғол жер серігі топтамасының құрамында болады. Инвестициялық жобаның нақты құны туралы ақпарат берілмеген.

Болашақта спутниктер топтамасын Қазақстан да, Моңғолия да дербес басқара алады. Бұл жоба екі елдің табиғи ресурстарын талдап, ауыл шаруашылығын дамытуда маңызда қадам болмақ.

Айта кетейік, Моңғолияға ресми сапары кезінде президент Тоқаев Алтай аймағындағы туризмді екі ел бірлесіп дамыту, моңғол студенттеріне квота санын көбейту және арадағы тауар айналымын 500 млн долларға жеткізу туралы айтқан еді. Оның бұл ұсыныстарын моңғол президенті Ухнаагийн Хурэлсух те қолдаған.

Сондай-ақ оқыңыз