TikTok-тың иесі Қытайдың ең бай адамдары тізімінде алғаш рет көш бастады

Жарияланды
Фото: Oriental Image via Reuters Connect

ByteDance негізін қалаушы Чжан Имин Қытайдың ең бай адамы атанды. TikTok табысының өсуі мен шай төңірегіндегі жанжалдар оған бірінші орынға шығуға көмектесті.

41 жастағы Чжан Имин жеке капиталы 49,3 млрд долларға жетіп, соңғы үш жыл бойы тізімнің басында тұрған Nongfu Spring компаниясының басшысы Чжун Шаньшаньды басып озды. «Бөтелкедегі су патшасының» байлығы 24%-ға төмендеп, 47,9 млрд долларға тең болды. Бұл –шай қаптамасындағы жапондық ғибадатхана бейнесіне наразылық танытқан патриот қытайлықтар жариялаған бойкоттың салдары.

ByteDance компаниясына тиесілі TikTok әлеуметтік желісі ай сайын бүкіл әлем бойынша миллиардтан астам белсенді пайдаланушыға ие болып отыр. CNBC мәліметінше, Hurun зерттеуіне сәйкес, компанияның табысы өткен жылы шамамен 30%-ға өскен. Былтыр Чжан Имин рейтингте бесінші орынды иеленген еді.

Tencent (WeChat мессенджеріне иелік етеді) басшысы Пони Ма бір орынға төмендеп, үшінші орынды иеленді. Интернет-гиганттың табысының өсуі нәтижесінде оның байлығы 13%-ға артып, 44,4 млрд долларға жетті. Төртінші орынды Pinduoduo интернет-дүкенінің негізін қалаушы иеленді – оның байлығы 9%-ға қысқарды. Үй техникасы бренді – Midea-ның негізін қалаушы Хэ Сянцзянь мен электр көліктеріне арналған батарея өндіретін CATL басшысы Цзэн Юйцюнь тізімде тиісінше бесінші және алтыншы орындарды қанағат тұтты.

«Қытайдың ең бай адамдары тізімі экономика мен қор нарықтарының қиын жылдарды өткеріп жатқандықтан, қатарынан үш жыл бойы бұрын-соңды болмаған деңгейде азайып келеді», – деді Hurun компаниясының бас зерттеушісі Руперт Хугеверф. Ол бұрын тізімде құрылыс саласындағы кәсіпкерлер басым болса, биыл оны негізінен технология, тұрмыстық электроника және жасыл энергетика саласындағы кәсіпкерлер құрағанын атап өтті.

Hurun Research деректері бойынша, Қытайда 5 млрд юаньнан (700 млн доллардан) астам байлығы бар 1 094 адам бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 147 адамға аз. Олардың жалпы байлығы 3 трлн долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға азайды. Долларлық миллиардерлер саны 2023 жылмен салыстырғанда 142 адамға азайып, 753-ке жетті. Биыл Қытайдың ең бай адамдары тізімінде 54 жаңа есім пайда болды. Бұл кейінгі 20 жылдағы ең төмен көрсеткіш.

Сондай-ақ оқыңыз