Ресейде бой тасалап жүрген қазақстандық кәсіпкер Балушкиннің тастап кеткен зауытын ешкім сатып алмай жатыр
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Өскемендегі «Азия-Авто» кәсіпорнының тағдырына қатысты пікір білдірді. Ведомство басшысы кәсіпорынды сатып алатын инвестор табылмай жатқанын айтады.
«Азия-Авто» кәсіпорны жұмысын тоқтатқан уақытта сол кезде облыс әкімі болған Даниал Ахметов сот процестері өткеннен кейін басқа инвестор келетінін мәлімдеген. Тіпті сол кездің өзінде бірнеше инвестор қызығушылық танытып отырғанын да айтқан. Осындай мәліметті келтірген БАҚ өкіліне министр Шарлапаев экс-әкімнің сөзі үшін жауап бермейтінін айтты.
«Азия-Автоның» тағдыры туралы айтатын болсақ, әркім өз сөзіне жауап береді. Бұрынғы әкімнің не айтқанын білмеймін, естіген жоқпын. Бірақ, әрине, осындай үлкен аумақ болса, үлкен ғимарат болса, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, оны пайдалану керек. Дәл қазір бізде министрлік деңгейінде ешқандай инвестордың қызығушылығы жоқ. Бірақ өздеріңіз білетіндей, компанияға қатысты әлі сот жүріп жатыр. Соттан кейін бұл кәсіпорынның, ғимараттардың, жер телімдерінің иелерін анықтаймыз. Осыдан кейін инвесторларды табуға тырысамыз», – деді Шарлапаев Үкіметте өткен баспасөз брифингінде.
Еске салайық, 2020 жылы компания қиындыққа тап болды. Индустрия министрлігі компаниямен келісімшартты бұзып, 174 млрд теңгені қайтаруды талап еткен. Өйткені компания өндірісті жаңғырту бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Сот істерінен кейін «Азия Авто» зауытында Lada және Kia көліктерін құрастыру тоқтаған болатын.
Осыдан соң Балушкин Ресей қашып кеткен болатын. Ал 2021 жылы Қазақстан Балушкинге іздеу жарияланды. Артынша кәсіпкердің Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды.
2023 жылдың мамыр айында Қаржы мониторингі агенттігі «Азия-Бипэк АВТО» директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге, «Азия АВТО» АҚ Бас директоры Ерік Сағымбаевқа және 230 млрд теңгеден астам ұрлық фактілері бойынша компаниялар тобының топ-менеджерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқаны хабарлады. Бұл қаражат қарыздарды, салықтарды төлеуге және зауыт салуға арналған.
Қазір Өскеменде Балушкин мен «Азия Авто» АҚ бас директоры Ерік Сағымбаевке қатысты сырттай сот отырысы жүргізілуде.
Анатолий Балушкин 2020 жылға дейін Forbes-Қазақстан тізіміндегі ең бай 50 адамның қатарында болған. Ол «Азия Авто» АҚ және «БИПЭК Авто Қазақстан» АҚ бақылаушы акционері болған. «БИПЭК Авто Қазақстан» құрылымына «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның 75%-ы және ресейлік «Азия Авто» Өскемен», «Азия Авто Сибирь» және т. б. компаниялар кірген.