Ұлытау облысында көктемде үйлердің су астында қалуына себепші болған басшыларға қатысты тергеу аяқталды
Ұлытау облысында көктемгі су тасқыны кезінде үйлердің су астында қалуына себепші болған басшыларға қатысты тергеу аяқталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі, сондай-ақ «Жезді өзенін санациялау» жобасы шеңберінде тиісті түрде жұмыс атқармаған тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді аяқтады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттіктің хабарлауынша, тергеу барысында құрылыс нормалары дұрыс орындалмаған және жобалау құжаттамасынан да ауытқулар анықталған. Нәтижесінде бұл олқылықтар Жезді өзенінің су өткізу қабілетінің төмендеуіне алып келген.
Ал облыстың табиғи ресурстар басқармасының басшысы бұл жұмыстардың орындалу барысын тексермеген. Іс-жүзінде дұрыс жүргізілмеген жұмыс актілеріне қол қойған. Сонымен бірге техникалық және авторлық қадағалаушылар да құрылыс орнына бармастан, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойып берген.
Басшылардың шала жұмысының нәтижесінде көктемгі су тасқыны кезінде 10 жеке үй суға кеткен. Сонымен бірге су тасқыны кезінде Ұлытау облысы Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды.
«Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді», – деп хабарлайды агенттік.