Ұлттық қордан жыл сайын триллиондаған теңге алынуы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр – Тимур Сүлейменов
Үкімет биыл қазынаға түсетін салықты жоспардан 25% кем жинады. Соның салдарынан бюджетте қаржы тапшы. Ал бюджет тапшылығын Үкімет әдеттегідей Ұлттық қордың қаржысымен жауып, биыл 5,6 трлн теңге көлемінде ақша алынды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мұндай ірі аударымдар валюта бағамына әсер етіп, Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр.
Мәжілістің жалпы отырысында Тимур Сүлейменов бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы өте жоғары қалыптасып отырғанын атап өтті.
«Біз мұнайға жатпайтын тапшылықтың жоғары күйінде қалғанын көріп отырмыз, бұл ретте жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – Ұлттық қордың трансферттеріне сүйенеді. Осылайша, Ұлттық қорға қаражаттың түсуі мен оны алуда – баланс теріс. Яғни алынған қаражат оның түсімінен асып кетіп отыр», – деді ҰБ басшысы.
Сүлейменов қазіргі жағдайда Ұлттық қор активтері инвестициялық кіріс есебінен ғана өсіп отырғанын атап өтті. 2024 жылдың 9 айында инветтабыс 10,27%-ды немесе 6,16 млрд долларды құраған. Соның арқасында ғана Ұлттық қор активтері жыл басынна бері 4,5% өсіп, 62,7 млрд долларға жетті.
«Биыл Ұлттық қордан алынған трансферт көлемі 5,6 трлн теңгені құрады. Үкімет келер жылы да дәл осындай көлемде (5,3 трлн теңге) қаржы алуды жоспарлап отыр.Енді Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер мен басқа алымдар көлемі барлық ақша массасының шамамен 16%-ын құрайды», – деді Сүлейменов.
ҰБ басшысының айтуынша, осындай қомақты қаржы алу ақша және валюта нарығына кері әсер етіп, айырбас бағамын бұрмалайды. Одан бөлек, отандық бизнеске кедергі келтіріп, экономикада «голланд ауруын» турдыруы ықтимал.
«Бұл – проинфляциялық фактор. Сондықтан монетарлық саясатымызды тезірек жеңілдетуге, базалық мөлшерлемені және банк кредиттерін, бизнес бойынша кредиттік мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр», – деді ҰБ басшысы.
Бұл ретте ҰБ басшысы бұл жағдайдын шығар жалғыз жол – қазынаға түсетін салық көлемін арттыру екенін атап өтті.
Мәжілісте баяндама Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та Үкімет алдағы жылдары қазынаға түсетін салықтың көлемін арттыруға мүдделі екенін айтты.
Биыл 9 айда ел бюджетіне салық жоспардан 24,4%-ға кем түскен. Қазақстан үкіметі қаңтар-қыркүйек аралығында қазынаға 10,7 трлн теңге салық түседі деп жоспалағанымен, 8,1 трлн ғана жиналған. Осылайша ел бюджетінің тапшылығы тереңдеп барады.