Қытайлық BYD-тың тоқсандық табысы алғаш рет Tesla-дан асып түсті
Қытайлық электромобиль алыбы BYD компаниясының тоқсандық табысы алғаш рет америкалық Tesla табысынан асып түсті.
BBC ақпаратына сүйенсек, Қытайдың автомобиль өндірісіне берілген субсидия әсерінен BYD кірісі 2024 жылдың үшінші тоқсанында 24% өскен.
Шілдеден қыркүйекке дейін компанияның кірісі 200 млрд юаньнан асқан (28,2 млрд доллар). Бұл тоқсан сайынғы кірісі 25,2 млрд долларды құрайтын Илон Масктың компаниясынан көп.
Қытайда электр көліктерінің сатылымы тұтынушыларды бензин көліктерін электромобильдерге немесе гибридтерге айырбастауға ынталандыруға бағытталған мемлекеттік субсидиялардың арқасында өсуде.
Алайда Қытай үкіметінің BYD сияқты отандық автомобиль өндірушілерін субсидиялауы шетелдерде теріс бағаланып жатыр. Апта басында ЕуроОдақ Қытайда жасалған электромобильдер импортына 45,3%-ға дейін тариф бекітті. АҚШ пен Канада 100% салық салды.
Қытай жоғары технологиялық өнімдер экономиканы жандандыруға көмектеседі деп сенеді, ал ЕуроОдақ елдегі электромобильдер өндірісінің ірі шетелдік нарығы саналады. Сондықтан одақ қабылдаған жаңа ереже Қытай автоөнеркәсібіне айтарлық әсер етпек.