Түрік инвестор Алматы әуежайын тарифтерді көтеру арқылы дамытады

Жарияланды
Курсив газетінің шеф-редакторы
Алматы әуежайының тарифтері көтеруге байланысты келіссөздер жүргізіледі/ фото: Алматы әкімдігі

«Алматының инвестициялық жоспарын» Алматы әуежайының иесі TAV Airports холдингі дайындап жатыр. Инвестиция көлемі Алматы халықаралық әуежайындағы тарифтерді көтеру бойынша өтетін келіссөздердің нәтижесіне байланысты.

«Алматының инвестициялық жоспары 2025-2028 жылдар аралығында 3-4 жыл ішінде 150-ден 300 миллион еуроға дейін болады. Инвестициялық бағдарламаның көлемін 2025 жылдың ақпанында директорлар кеңесінің отырысында нақтылау жоспарлануда. Тарифтік келіссөздердің тиімді нәтижесі инвестиция көлемін анықтайтын негізгі фактор болады», – деді TAV Airports 2024 жылғы тоғыз айлық қаржылық есеп беруінде.

Сегіз елдегі 15 әуежайды басқаратын TAV Airports Алматы халықаралық әуежайынан жолаушылар ағынының жылдам өсуін күтеді. «Біздің ойымызша, Қазақстан экономикасының көлемін қуып жету үшін авиация нарығы қазіргі кезінен екі есе қарқынмен дами алады», – деп жазды холдингтің бас директоры Серкан Қаптан акционерлерге жолдаған хатында. Нарықтың екі есе өсу болжамы Түркиядағы әуе тасымалымен салыстыруға және Air Astana тобының даму жоспарына да негізделген.

TAV Airports Алматы әуежайын сатып алғаннан бері жаңа халықаралық терминалға 226 миллион еуро инвестиция салғанын, бағыттардың санын екі есе дерлік арттырғанын, жолаушылар авиакомпанияларының санын 24-тен 37-ге, жүк авиакомпанияларының санын 9-дан 16-ға дейін және жолаушылардың санын, пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда, 72%-ға көбейткенін хабарлады.

Алдағы 3-4 жылда әуежайдың ұшу-қону жолағын, жаңа таксомотор жолын, жүк перронын, мұздан тазарту алаңын, ескі (ішкі) терминалды жаңғырту қажет. Бұл толық тізім емес. Осының барлығын Алматы әуежайы өз қаржысына жасайды деп күтілуде. Инвестициялық бағдарламаның жарияланған көлемі 150 миллионнан 300 миллион еуроға дейін. Бұл көрсеткішке компнаия әуежай тарифтерін көтеру арқылы жетпек. Бірақ бұл мәселе түбегейлі шешіле қойған жоқ. Сондықтан мүдделі тараптармен келіссөздер әлі алда.

Инвестор тарифтерді неге қымбаттатпақ?

TAV Airports осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін тарифтерді көтеруге лайық деп санайды. Сонымен қатар Алматының тарифтері ұқсас әуежайлармен салыстырғанда өте төмен деңгейде қалып отырғанын бөлек атап өтеді. Естеріңізге сала кетейік, халықаралық рейстер үшін әуежай тарифтерді дербес белгілейді, ал Қазақстандағы ішкі бағыттар үшін әуе кемелерінің ұшуын және қонуын, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әуе кемелерін тұрақпен қамтамасыз ету мақсатында әуежай қызметін мемлекет реттейді.

Алматы әуежайы иесінің айтуынша, TAV Airports базалық тарифтік ұсынысы қабылданса, 2025 жылдың екінші жартысынан бастап Алматы әуежайының EBITDA өсімі тарифтерді өсірмегеннен 13-15%-ға жоғары болады. Сегіз жыл ішінде Алматы халықаралық әуежайының EBITDA жылдық жиынтық орташа өсу қарқыны 15%-ды құрады.

Алматының инвестициялық жоспары 2025 жылдың ақпанында TAV Airports директорлар кеңесінің отырысында бекітіледі.

Сондай-ақ оқыңыз