Молдова ЕуроОдаққа кіру үшін Конституциясына өзгерістер енгізетін болды
Молдова Республикасының Конституциялық соты ЕуроОдаққа кіру туралы референдумның қорытындысын бекітіп, Конституцияға өзгеріс енгізу процесін бастады. Еуропалық интеграция «Молдова Республикасының стратегиялық мақсатына» айналады.
20 қазанда өткен референдумда ел азаматтары «Молдова Республикасының ЕуроОдаққа кіруі үшін Конституцияға түзетулер енгізуді қолдайсыз ба?» деген сұраққа жауап берген.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша референдумға сайлаушылардың 50,72% қатысқан. Олардың 50,35%-ы еуроинтеграцияны қолдаса, 49,65%-ы қарсы шыққан. Осылайша одаққа қосылуды жақтаушылар бір пайыздан аз басымдықпен жеңіске жетті.
Молдова социалистік партиясы да референдум нәтижесін мойындамаған. Елдегі коммунистік партия референдум нәтижесіне қатысты Конституциялық сотқа шағым түсірген. Алайда сот партияны шағым түсіруге құқылы тарап өкілі деп танымады.
Нәтижесінде Конституцияға бірқатар түзетулер енгізілетін болды. Дәлірек айтқанда, ата заң кіріспесінде «еуропалық интеграция Молдова Республикасының стратегиялық мақсаты» деген сөздер жазылады. Конституциялық сот төрағасы Домник Маноле кіріспеге тағы да «Молдова Республикасы халқының еуропалық бірегейлігін растай отырып» деген сөздерді де қосуды ұсынды.
Бұған қоса, Конституцияға «еуропалық интеграция» аталатын жаңа бөлім қосылады. Ол «Еуропалық одақтың құрылтай шарттарына және құрылтай шарттарын қайта қарау туралы актілерге қосылу туралы» бапты қамтиды.
20 қазанда референдуммен қатар елде президент сайлауы да өткен. Алайда кандидаттардың бірде біреуі межелі 50%-дан аса алмағандықтан, 3 қараша сайлаудың екінші туры өтуі тиіс. Оған ЕуроОдаққа қосылуды қолдайтын қазіргі президент Майя Санду мен Ресеймен қарым-қатынасты сақтауды көздейтін Александр Стояногло қатысады.