АҚШ: Ресейдің Курск облысына жеткен Солтүстік Корея әскерінің саны 8 000-ға жетті
Ресейдің Курск облысына жеткен Солтүстік Корея әскерінің саны 8000-ға жеткен. Олар қазір Украинамен соғысқа дайындалып жатыр. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен айтты.
Блинкеннің айтуынша, ресейлік әскерилер солтүстік кореялық әріптестеріне артиллериялық қару-жарақ пен дрондарды қолдануды үйретіп жатыр.
«Жаяу әскерлердің негізгі операцияларын, соның ішінде траншеяларды тазартуды үйретуде. Бұл олардың КХДР әскери күштерін майдан шебіндегі операцияларда қолдануға ниетті екенін білдіреді», – деді Блинкен.
Пентагонның баспасөз хатшысы Сабрина Сингхтің айтуынша, Солтүстік Кореяның әскері алдағы апталарда Украина маңындағы Ресей әскерлеріне қосылуы мүмкін.
Ресми Вашингтон Ресей аумағында КХДР-дан 10 000-ға жуық әскери қызметші барын айтады. Оңтүстік Корея олардың саны 11 000 десе, Украина 12 000 деп бағалады.
Бұған дейін АҚШ Ресей Федерациясындағы Солтүстік Корея әскерлерін тұрақты орналасқан жерлеріне қайтару үшін Қытайға жүгінген. Бейжіңнен ресми жауап әзірге түспеген. Германияның Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Корея сарбаздары Украинаға қарсы соғысқа қатысқан жағдайда Пхеньянға қарсы жаңа санкциялар енгізетінін айтқан.