«Мәміле шарттары құпия» – Қазақстан вьетнамдық инвесторға Qazaq air әуе компаниясын қалай сатып жатыр?
Қазақстан Qazaq air компаниясын бәсекелес ортаға шығарып, вьетнамдық SOVICO Group тобына сатып жатқаны белгілі. Қазіргі кезде әуе компаниясының акционері – «Самұрық-Қазына» қоры мен Aviation Holdings Company (SOVICO Group құрамына кіреді) арасында қағидаттар туралы келісімге қол қойылған. КursivМedia ресми сауалына берген жауабында қор әуе компаниясы жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай сатылып жатқанын атап өткен.
«Қол қойылған Келісім аясында Қор SOVICO Group пен тәуелсіз консультанттармен бірлесіп QAZAQ AIR және транзакциялық құжаттама жобаларын іске асыру шарттарын аяқтау бойынша келіссөздер жүргізуде», – делінген.
Алайда жауапта мәміленің шарттары ашық жазылмаған. «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор – Басқарма мүшесі Салтанат Сәтжанның айтуынша, «мәміле шарттарына сәйкес, екі тарапқа да құпиялылық бойынша міндеттемелер жүктелген». Келісім толық аяқталған соң, қор ақпараттық хабарлама таратпақ.
«Мәміле аяқталғаннан кейін, Вьетнам тарапымен қазіргі келісімдерге сәйкес келетін мәміле шарттары бойынша келісілген баспасөз хабарламасы шығарылатын болады», – делінген жауапта.
Әуе компаниясының 49%-дан 100%-ға дейінгі акциялар пакетін сатып алатын инвестор алдағы 5 жылда 20 Boeing және Airbus (тар фюзеляжды немесе кең фюзеляжды) ұшағын жеткізуі тиіс. Одан бөлек, инвестор әуе компаниясының қор алдындағы 38,4 млрд теңге қарызын өтемек.
«Самұрық-Қазына» қоры «инвестордың әуе ұшақтары қатарын толықтыруы елдің азаматтық авиация нарығының дамуына, оның ішінде бәсекелестікті арттыру, халықаралық тұрақты рейстерді арттыру, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді» деп санайды.
Sovico Group-тың еншілесі – Aviation Holding жақында Астана халықаралыұ қаржы орталығында Central Asia Airport Holdings Limited компаниясын тіркеді. «Qazaq Air осы компаниялар арқылы сатыла ма?» деген сауалымызды қор жауапсыз қалдырған.