Президенттен сөгіс алған Қарағанды әкімі Бөлекбаев жетістігін айтып мақтанды
Президент Тоқаевтан «жылу беру маусымына дайындықты тиісінше қадағаламағаны үшін» сөгіс алған күні бұқаралық ақпарат құралдарында Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың облыстағы жетістіктері жайлы мәлімдемелері жарияланып жатыр.
Мәселен, Saryarqa арнасы мен zakon.kz сайтында Бөлекбаевтың облыс экономикасының барлық саласындағы өсім көрсеткіштері туралы сөздері берілген. Оның мәліметінше, облыс 9 ай ішінде 3 трлн теңге болатын өнім шығарған. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда, инвестиция көлемі 14,6%-ға артып, 680 млрд-қа жеткен.
Үш мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 9 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. Аймақтың фермерлері миллион тонна астық жинап, рекорд көрсетіп отыр. Қарағанды облысы тәуелсіз рейтинг бойынша жетінші орынға көтерілген.
Әкімнің айтуынша, барлық инфрақұрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрыла бастаған.
«Мұндай индустриальды алаңқайлар Қарағанды мен Саран қаласында іске қосылды. Міндет – бұл тәжірибені басқа қалалар мен аудандарға тарату», – деді Бөлекбаев.
Оның сөзіне қарағанда, Қарағандының тартымдылығын көріп, өзге облыстағы салық төлеушілер келе бастапты. Қазынаны толтыруға да облыстың қосқан үлесі зор.
Мұның алдында Тоқаев Бөлекбаевқа сөгіс берген еді. Жылу беру маусымына дайындығына Президенттің көңілі толмаған. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде хабарлаған болатын. Саран қаласындағы қазандықтан шикілік шыққан. Премьер-министр Бектенов тоңған қала үшін жауапкершілікті Саран қаласының әкіміне жүктеген еді. Еркін Баулықов қызметінен кеткен. Роман Скляр қазандықтың қалпына келіп, жұмыс істегенін мәлімдеген.