ЕҚДБ мен Таза технологиялар қоры Павлодардағы трамвай паркін жаңартуға 14 млн еуро бөледі
Павлодарда трамвай сатып алынбақ / Фото: ЕҚДБ, коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Еуропалық қайта құру және даму банкі Павлодардағы трамвай паркін жаңартуға 10 млн еуро несие бөлді. Сонымен қатар жобаға Таза технологиялар қоры 4 млн еуро салмақ, деп хабарлады ЕҚДБ баспасөз қызметі.
Қала әкімдігі бұл қарыз қаражатқа энергия үнемдейтін 25 трамвай сатып алады.
«Бүкіл әлемде трамвайлар қалалық көліктің экологиялық таза және тиімді түрі екенін айғақтайды. Біз осы арқылы серіктесіміз Павлодар трамвай басқармасының жылжымалы құрамын жаңартамыз», – деп хабарлады ЕҚДБ президенті Одил Рено-Бассо.
2015 жылдың басында ЕҚДБ Павлодар трамвай паркін жаңартуға 2,5 млрд теңге несие қаражатын бөлген еді. Одан кейін түскен қаржыға жергілікті билік 25 жаңа заманауи вагон сатып алып, тиісті инфрақұрылымды жаңартқан.
Еуропалық қайта құру және даму банкі 1991 жылы құрылған. Ұйым нарықтық экономикаға көшуге, сондай-ақ жеке және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ықпал ететін жобаларға инвестиция жасайды. ЕҚДБ акционерлеріне 72 ел, Еуропалық Одақ және Еуропалық инвестициялық банк кіреді.
Таза технологиялар қоры – дамушы елдерде төмен көміртекті технологияларды дамытуды қолдайды.
Еске сала кетсек, наурызда Еуропалық қайта құру және даму банкі «Аралтұзға» 5,5 млрд теңге несие берген еді.