Қостанайда балалар жаттықтырушысы екі жыл бойы жарыстарға бөлінген ақшаны жымқырып келген

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Күдікті қолды қылған бюджет қаржысын депозиттік шотына аударып, заңды айналымға салған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қостанайда шорт-тректен балалар мен жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы бюджеттің 6 миллионға жуық қаражатын жымқырды деп айыпталды.

Облыстық прокуратура бюджет қаражатын ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісі бекіткенін хабарлады.  

«Тергеу барысында 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы қаңтарға дейін Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ балалар мен жасөспірімдер командалары арасында шорт-трек бойынша жаттықтырушы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жиындар мен жарыстарға іс жүзінде бармаған адамдарды заңсыз көрсету жолымен шығындардың нақты сомасын ұлғайта отырып, жалған аванстық есептер құрастырғаны анықталды», – делінген хабарламада.

Жаттықтырушы түскен ақшаны қалтасына басып, иемденіп алған. Жалпы ұрланған бюджет қаражатының сомасы – 5,9 млн теңге болғаны анықталды. Күдікті қолды қылған бюджет қаржысын депозиттік шотына аударып, заңды айналымға салған. Осылайша ай сайын 9,6 пайыздық мөлшерлемемен сыйақы алып отырған.

«Депозит бойынша пайыздық сыйақы түріндегі жария етілген қылмыстық кіріс сомасы 613,1 мың теңге болды. Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігінің  1-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде ұрлау) 218-бабының 1-бөлігі (ақшаны заңдастыру (жылыстату), яғни конверсия түрінде мәмілелер жасау арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңды айналымға тарту) бойынша сараланады», – деп хабарлады облыстық прокуратура.

Жаттықтырушы алты жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ  мүлкі тәркіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза тағайындау көзделіп отыр.

Еске салайық, осыған дейін Қазақ тіліне қатысты әзілдеген Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов 740 мың теңге айыппұл арқалады. Кей ақпарат көздерінің мәліметінше, бапкерге 200 АЕК (740 000 тг) көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ оқыңыз