Жоба құны 208 млрд теңге: Екібастұз қаласында қорытпа болат шығаратын зауыт салынбақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Екібастұз қаласында қорытпа болат шығатын зауыт салынады. Бұл жобаны «Railways Systems KZ» ЖШС қолға алған. Зауыт құрылысына 208 млрд теңге инвестиция құйылмақ,

Төмен легирленген және конструкциялық болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт 100 гектар аумақты алады. Жобаны жүзеге асыру үшін RWS компаниясының бас директоры Роман Павлингер мен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева арнайы меморандумға қол қойған.

Зауыт Railways Systems компаниясының өз қаражаты мен тартылған қарыз есебінен салынады. Кәсіпорын іске қосылса, 1000-нан аса жұмыс орны ашылмақ. Зауыт құрылысын 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, бұл жаңа өндіріс Екібастұздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізіп, жергілікті нарықты сапалы металл өнімдерімен қамтамасыз ете отырып, импортқа тәуелділікті азайтады. Зауыт жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттарға сай етіп жобаланған.

Жоспар бойынша, Rail Way Steel зауыты жылына 1 миллион тонна болат шығарады. Өнімінің 40%-ын ТМД және ЕО елдеріне экспорттайды. Өндіріс қуаты тек теміржол саласына ғана емес, сонымен қатар құрылыс, машина жасау және энергетика саласын да металл өнімімен қамтамасыз етуге жетеді.

RWS бас директоры Роман Павлингердің айтуынша, компания сапалы болат өнімдеріне сұраныстың артып келе жатқанын байқап отыр. Бұл жаңа зауыт Қазақстанның металлургия саласының бәсекеге қабілетін күшейтеді. Сонымен қатар заманауи технологиялардың арқасында өндіріс тиімділігі артып, энергия тұтыну деңгейі айтарлықтай төмендейді.

Сондай-ақ оқыңыз