Мүгедектікті растау рәсімі қашан жеңілдейді?

Жарияланды
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен тумысынан айықпас дертке шалдыққан балалар үшін мүгедектікті растау тәртібі  жеңілдетілмек/фотo: kursiv.media мұрағаты

Аяқ-қолы жоқ адамдар енді мүгедектігін жыл сайын растауға мәжбүр болмайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен тумысынан айықпас дертке шалдыққан балалар үшін мүгедек екенін растау тәртібі жеңілдетілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Еңбек ресурстарын дамыту орталығында мәлімдеді.

«Аяқ-қолынан айырылған азаматтарға ота өткеннен күнмен автоматты түрде  мерзімсіз мүгедектікті тағайындаймыз. Балалардың кейбір нозологиялары бар. Мәселен, Даун синдромы. Ондай балаларға туылған күнінен бастап, мерзімсіз тобын береміз. Мұндай бес-алты нозология бар. Біз осыдан бастап жатырмыз», – деді министр.

Светлана Жақыпова шалғай аймақтардан орталыққа ат сабылтып келіп, мүгедектігін растап отыратын азаматтардың мәселесі түбегейлі шешілді деп айта аласыздар деп сендірді.

«Біз тағы да бір шешім дайындап жатырмыз. Шалғай аудандарда тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қызметтерге қолы жетуі үшін лицензиялау енгізіліп отыр. Тұрғылықты ауылда, әкімдіктерде кабинеттер бос болса, сол жерден оңалту қызметтерін алуын қамтамасыз ететін іс-шара қабылдап жатырмыз», – деді министр.

Оның айтуынша, бір ауылда мүмкіндігі шектеулі он адам болса, оларға тиісті қызмет көрсету үшін енді аумақтық оңалту орталығының мобильдік тобы арнайы келетін болады.

Қазір аутизммен ауыратын балаларды емдейтін жекеменшік орындар көбейді. Бірақ ата-аналарынан ақшасын алғанымен, нәтиже аз деп шағымданушылар бар. Мұндай орталықтарды бақылау мәселесіне қатысты министр пікір білдірді.

«Медициналық және әлеуметтік оңалту деген бар. Медициналық оңалту үш деңгейде жүреді. Оған емдеу, оңалту және жоғарғы технологияларды қолдану арқылы медициналық оңалту жатады. Бізде әлеуметтік оңалту Оқу-ағарту министрлігіне қарайды», – деді Светлана Жақыпова.

Оның сөзіне қарағанда, екі министрлік бірлесе отырып, болашақта осы оңалту орталықтарының жұмысын қолға алмақ.  

Сондай-ақ оқыңыз