Бектенов TikTok желісін бұғаттауға қарсы

Жарияланды (жаңартылды )
Үкімет TikTok желісін бұғаттамайды/ фото: kursiv.media

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда TikTok-ты блоктауға қарсы шықты. Ол «бүгінгі жастарды тәрбиелеудегі мәселелер» тек әлеуметтік желілерге қатысты емес деп есептейді. Үкімет басшысы Сенат депутаты Геннадий Шиповскийдің сауалына жауап берген.

Бектенов тиісті ведомство TikTok-тың ресми өкілдігімен жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ресми хатта TikTok алаңын ұсынатын «ByteDance» компаниясының Орталық Азиядағы мемлекеттік билік органдарымен жұмыс жөніндегі басшысы Дмитрий Пылев екенін атаған.

TikTok 13 жасқа толмағандарға тіркелуге рұқсат етпейтіні белгілі. Ал платформада қолданушы туған күнін көрсетуі керек. Үкімет басшысы осы шектеу негізінде жасөспірімдер зиянды контенттерден қорғалады деп есептейді.

«Платформа автоматты түрде және қолмен модерациялауды қолдана отырып, көрсетілген контентті (экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттер) анықтау және шектеу үшін алгоритм әзірледі. Автоматты модерация бекітілген бірыңғай ережелерді (TikTok пайдалану стандарттарын) бұзатын контенттің белгілі бір түрлерін таниды және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Контентті модерациялаудың екінші әдісі TikTok пайдаланушылардан «шағымдану» функциясына сәйкес түсетін шағымдарға негізделген (аккаунтқа, бейнеге немесе пікірге). Модератор командалары жергілікті даулы контентті тексереді және егер ол пайдаланушыларға қауіп төндірсе, оны жояды. Платформа аталған модераторлар тобын үнемі жаттықтырып тұрады», – деп жауап берді депутат сауалына Олжас Бектенов.

2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында TikTok 13 жасқа толмағандарға арналған Қазақстандағы 1 239 635 есептік жазбаны жойды. Былтыр ондай контент саны 1 842 467 болған.

Бектенов ата-аналардың өздері балалардың не көретінін қадағалай алатынын қаперге салды.

«TikTok қосымшасы (App Store және Google Play дүкендерінде) 12+ рейтингіне ие, бұл ата-аналарға мобильді құрылғыдағы ата-ана бақылауы құралдары арқылы баланың қосымшаны жүктеуіне жол бермейді. 13 жасқа толған жасөспірімдердің ата-аналары үшін TikTok сонымен қатар балалардың онлайн өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін ата-ана бақылауы құралдарын ұсынады. «Отбасы параметрлері» арқылы ата-ана параметрлерді басқару үшін өз есептік жазбасын жасөспірімнің есептік жазбасымен байланыстыра алады (экран уақытын шектеу, есептік жазбаның құпиялылық параметрлері, жеке хабарлама параметрлері және т.б.)», – делінген ресми хатта.

Бектенов әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы контенттер де бар екенін айтқан. Осыны құзырлы органдарға тиімді пайдалануға тапсырма берілген. Мәселен, Оқу-ағарту, Мәдениет және Ақпарат министрліктері TikTok әкімшілігімен серіктес ретінде бірқатар жобаны іске асыруда.

«Қазіргі жастарды тәрбиелеудегі проблемалар тек әлеуметтік желілердің зиянды әсерінен туындамайтындығы туралы түсінік бар. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар қоғам және мемлекет арасындағы қарым-қатынастың маңызды әлеуметтік функциясына ие», – деп баға берді Үкімет басшысы.

Одан бөлек әлеуметтік желілер Ақпараттық қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету Ережелерін басшылыққа алатынын айтты.

«Жалпы онлайн-платформалар «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңдардың талаптарын сақтайды. Уәкілетті орган құқық қорғау органдарымен және арнаулы мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз контентті табу және жою алгоритмін жақсарту мақсатында тұрақты негізде TikTok өкілдерімен жұмыс кеңестерін өткізеді», – деп түсіндірді Бектенов.

Премьер-Министр осы іс-шаралар қорытындысы бойынша жаңа технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар әзірленетінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз