Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін, ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада: Зерттеуші Зира Наурызбайдың «Тал бесіктен жер бесікке дейін» тақырыбындағы жаңа лекция курсының соңғы бөлімі. Ерте замандағы Еуропадағы сиқырға қатысы бар әйелдердің қудалануы, таңғажайып корей керамикасының тарихы және фри картобын қуырған Дональд Трамп.
Тал бесіктен жер бесікке дейін
3-дәріс. Өлімнің түсі қандай?
Қазақтың жерлеу рәсімдері жөнінде жазған зерттеуінде Ыбырай Алтынсарин қаза тапқан ердің үйінің төбесіне қара мата іліп қоятын қазіргі уақытта ұмыт қалған жоралғыны сипаттаған. Қара матаны найза я бақанның басына байлап, киіз үйдің сыртына я шаңырақ арқылы өткізіп белгі қояды. Марқұмның жылдық асы өткен соң әулеттегі абыройы бар еркек бақанның немесе найзаның басындағы матаны жұлып алып, өртеп жібереді. Осы сәтте әйелдер марқұмның артынан соңғы рет жоқтау айтады. Мифтік таным бойынша желбіреген байрақ — рухтың тасымалдаушысы болса, қара байрақ — марқұмның рухын тасымалдаушысы саналады. Ал қара байрақты өрттеп тастау марқұмның рухын жақындары жібергенін (тіпті исламдық кезеңде ондай түсінік болмаса да) және аза тұтудың тоқтағанының символы.
Еуропадағы дүрбелең тарихы
Көпшіліктің айтуынша, Орта ғасырда бүкіл Еуропада сиқыршы-мыстандарды өртеп, жазалаған. Бірақ бұл толықтай шындыққа жанаспайды. Шынымен де отқа жағу рәсімдері болған, бірақ ол отқа көбіне католик дінінен шет кеткен кәпірлер, яғни дінбұзарлар түсетін. Ал сиқыршыларға қатысты сот процестері өте сирек кездесіп, тек Орта ғасырдың соңында (15 ғасыр) ғана жиіледі. Жаңа заман келген кезде сиқыршылыққа қатысты дүрбелең шарықтау шегіне жетті.
Таңғажайып корей керамикасы
Кәрістің селадон керамикасы неліктен қытайлар мен еуропалықтарды таңғалдырды?
Селадон Корё — ерекше сылама қолдану арқылы жасыл түс гаммасында жасалған сұлулық пен талғамның үлгісі саналатын кәріс керамикасы туралы толығырақ оқыңыз.
Ай сөзі: Фри
Qalam айына бір рет қоршаған әлемді түсінуге арналған маңызды сөзді таңдап алып, оның мағынасына бойлауға тырысады. Қазан айының соңында Дональд Трамп Пенсильваниядағы «Макдональдс» мейрамханасына барып, өзі бірнеше порция фри картобын қуырды. Осыдан кейін компания қызметкерлеріне АҚШ президенттігіне үміткерлердің ешқайсысын қолдамайтыны туралы хабарлама жіберді. Бірақ болар іс болды: Трамп фастфуд символикасы арқылы Харриске қарсы қоғам назарын өзіне аударғандай болды. Трамп пен фри картобының арасында қандай байланыс бар, сайтымыздан оқыңыз!