Ақтаудағы кәсіпорын қаланы ыстық сумен қамтығандықтан, резервуардағы ауыз су жеткіліксіз екенін растады
Ақтау қаласындағы «МАЭК» ЖШС қазіргі уақытта тұщы суға арналған резервуарды толтыра алмай отырғандарын мойындады. Қала тұрғындары ауыз суға зәр болып отырғандарын айтып, билікке жиі шағымданады. Бұл жөнінде Lada.kz басылымы жазды.
Кәсіпорын жылыту жүйесін толтыруға су қорының біраз бөлігін жұмсағанын растады. Жылыту маусымы басталғалы «МАЭК» ыстық сумен қамтамасыз етуге басымдық берген. Осының салдарынан Ақтауда ауыз су тапшы болып отыр.
«Каспий тұщыту зауытын кеңейту жұмысы таяуда аяқталады. Ауыз су өндірісін ұлғайту арқылы кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлануда. Құйылыс-Меловое кен орнынан (ұзындығы 46 шақырым) су құбырын қайта жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмысы да соңғы сатыда. ҚМЖ аяқталғаннан кейін аталған су құбыры арқылы қалаға берілетін су көлемін арттырамыз», – деп хабарлады ЖШС.
Кәсіпорынға қарасты алты су сорғысы әбден тозған. Алдағы екі жылда сорғыларды ауыстыру жоспарланған. Тоқаев мамыр айында облыс әкімін қабылдағанда, оған «Каспий» су тұшыту зауытын инвестиция есебінен жаңғыртуды тапсырды.
Айта кетейік, «МАЭК» биыл мемсатып алуда бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Бюджеттен бөлінген 1,4 миллиард теңге ысырап болған.