Молдовадағы президенттік сайлауда Майя Санду алға озды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Молдовадағы президенттік сайлауда Майя Санду алға озды
Молдовадағы президенттік сайлауда Майя Санду алға озды / Фото: shutterstock

Молдовадағы президенттік сайлаудың екінші турындағы алдын ала ақпарат бойынша қазіргі президент Майя Санду жеңіске жетті.

Елдің ЕуроОдаққа қосылу процесін бастаған президент Майя Санду Ресейге бағытталған саясатты қолдайтын бұрынғы бас прокурор Александр Стояноглодан озып кетті. Қазір Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдердің 98 пайызын есептеп үлгерді.

Осы саналған бюллетеньдер есебі бойынша Санду 54,94% дауыс жинаса, Социалистік партияның өкілі Стояногло 45,06% алған. Бастапқы да Стояногло көш бастағанымен шетелде тұратын Молдова азаматтарының берген дауысы Сандуды алға шығарды.

«Молдова, бүгін жеңіске жеттің. Бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа деген адалдығымыздың арқасында өз күшімізді көрсеттік», – деп жазды Санду Х әлеуметтік желісінде. 

ОСК мәліметтері бойынша, президенттік сайлаудың екінші турында 1,7 миллионға жуық адам, яғни сайлаушылардың 54 пайыздан астамы дауыс берген.

Бірінші турда да Санду дауыстардың басым бөлігін жинаған. Алайда межелі 50% аса алмағандықтан, екінші тур жасау туралы шешім қабылданған.

Айта кетейік, бірінші турмен қатар болған референдум кезінде Молдова халқы ЕуроОдаққа кіру туралы шешім қабылдап, ел Конституциясына тиісті өзгерістер енгізілетін болған.

Сондай-ақ оқыңыз