Қор нарығына шолу: ОПЕК+ өндірісті ұлғайтуды тағы да кейінге қалдырды, Уолл-стрит АҚШ-тағы президент сайлауына назар аударып отыр
Сарапшылар «Таңдаулы жетілік» компанияларының кірісіне қатысты болжамдарын қайта қарап жатыр. ОПЕК+ мұнай бағасының төмендеуіне байланысты өндіріс көлемін ұлғайтуды тағы да кейінге қалдырды. Уолл-стрит АҚШ-тағы президент сайлауына назар аударып отыр.
Технологиялық компаниялардың кірістері трейдерлерге үлкен үміт сыйламай отыр
БАҚ АҚШ-тың ірі технологиялық компанияларының есептерін талдауды жалғастырып жатыр. Сарапшылардың жалпы пікірі жасанды интеллектіге жұмсалатын үлкен шығындар технологиялық алпауыттардың пайда әлеуетіне көлеңке түсіреді, деп жазды Bloomberg. Бұған дейін инвесторлар ірі технологиялық компаниялардың есептері акцияларды белгісіздік жағдайынан шығарып, S&P 500 индексіне жаңа серпін береді деп үміттенген еді.
Өткен аптада Microsoft, Apple, Alphabet, Amazon және Meta-ның есептері сатылым мен кіріс бойынша сарапшылардың болжамдарынан асып түскеніне қарамастан, нәтижелері нарықпен салыстырғанда жоғары көрсеткіштерді ақтай алмады. Нәтижесінде инвесторлар акцияларды сатуға кірісті.
Мәселе есептердің өзінде емес. «Таңдаулы жетілік» жалпы үшінші тоқсанда 30%-ға кіріс өсімін көрсетуі мүмкін. Бұл бұрын Bloomberg Intelligence дайындаған 18%-дық болжамнан жоғары. Мәселе – 2025 жылға арналған кіріс болжамының белгісіз болуы. Себебі технологиялық алпауыттар жасанды интеллектіге арналған инфрақұрылымға қомақты қаражат жұмсауды жалғастырып жатыр. Осыған байланысты сарапшылар «Таңдаулы жетіліктің» кіріс өсіміне қатысты өз болжамдарын қысқартуда.
ОПЕК+ өндірісті ұлғайтуды тағы да кейінге қалдырды
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, желтоқсан айына жоспарланған мұнай өндіру көлемін ұлғайту бір айға кейінге шегерілді. Бұл екінші мәрте кейінге қалдырылған шешім.
Картель Қытайдағы сұраныстың төмендеуін және АҚШ-тан жеткізілімнің артуын атап өтіп, бұл факторлардың мұнай бағасына қысым көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Соңғы төрт айда Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 17%-ға төмендеп, қазіргі уақытта барреліне шамамен 73 долларды құрайды. Бұл ОПЕК+ елдері үшін өте төмен деңгей. Өйткені ол мемлекеттік шығындарды өтеуге жеткіліксіз.
«ОПЕК+ қазіргі макроэкономикалық жағдайларды ескермеу мүмкін емес екенін мойындады», деді Onyx Commodities Ltd. компаниясының өкілі Гарри Чилингирян. Сонымен қатар картельдің шектеулері нәтиже бермей, әлемдік нарық артық ұсыныспен бетпе-бет келуі мүмкін. Citigroup пен JPMorgan Chase & Co. банктері 2025 жылы мұнай бағасының барреліне 60 долларға дейін төмендеуін болжап отыр.
Бұл Сауд Арабиясына қаржылық қауіп төндіреді. Өйткені тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның ауқымды экономикалық жоспарларын жүзеге асыру үшін елге мұнай бағасының 100 долларға жуық болғаны қажет.
Bloomberg мәліметінше, ОПЕК+ Ресей, Ирак және Қазақстанды жеткізілімдерді қысқарту міндеттемелерін орындауға «әрең көндірді». Картель 2025 жылға арналған саясатын талқылау үшін 1 желтоқсанда жиналады.
Уолл-стрит АҚШ-тағы президент сайлауына назар аударып отыр
Сейсенбі күні америкалық сайлаушылар келесі президентті таңдайды. Бұл экономика бағытын келесі төрт жылға анықтауы мүмкін. Көптеген трейдерлер осы аптада құбылмалылықты күтіп отыр. Тіпті даулы нәтиже дауыстарды санауды бірнеше аптаға, тіпті айларға созуы мүмкін деген болжам бар, деп жазды Bloomberg.
Бұл Cboe құбылмалылық индексінің соңғы төрт сессияда 20-дан жоғары көтерілуінің себебін түсіндіреді, ал S&P 500 индексі тарихи максимумы маңында саудаланып жатыр. Мұндай жағдай соңғы рет 2021 жылдың наурызында «Дельта» штаммының таралуы кезінде болған еді.
Сонымен қатар хедж-қорлар бағаның одан да біршама ауытқуын болжайды. Wells Fargo & Co компаниясының қаржы директоры Майк Сантомассимо сайлаудан кейін тұтынушылар мен кәсіпорындар өздерін сәл жақсырақ сезінуі мүмкін деп болжады, деп хабарлады Market Watch.