Ливандағы қақтығыс аймағында қалған Қазақстанның 41 азаматы елге жеткізілді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Отандастарымызды елге әкелу операциясы Ыстанбұл мен Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылды / Коллаж: kursiv.media

Ливанда әскери қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтар аман-есен елге оралды. Бұл жайында  Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Ливаннан ҚР азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды»,-  делінген хабарламда.

СІМ ақпаратынша, аталған операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылған. Нәтижесінде 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам дін-аман жеткізілген. Министрлік эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілгенін атап өтті.

Қазан айының басында Израиль ескертуінен кейін, Еуропа елдері Ливаннан азаматтарын жедел алып кетіп жатты.

Осыған дейін Қазақстанның СІМ ресми өкілі бүгінде Қазақстан азаматтарын қауіпті аймақтан елге аман-есен жеткізу мәселесі ғана алда тұрғанын айтқан еді. Ал ата жұртқа оралғысы келген қандастарға Қазақстан билігі әзірге көмек бере алмайды. Өйткені олардың азаматтығы басқа.

DW ақпараты бойынша Израильдің әуе шабуылынан кейін Ливандағы еңбек мигранттары баспана іздеуге мәжбүр. Соғыстан қашқан жұмыс берушілер оларды көшеге тастап, қақтығыс ошағында құжатсыз қалдырған. Босқындар саны артып келеді және олар мүлем баспанасыз қалуы ғажап емес.

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай әлемдегі сауда-саттық нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Әсіресе, Иранның Ормуз бұғазын жауып тастау ықтималдығы мұнай нарығында үлкен дүрбелең туғызып отыр. Сарапшылар бұғаз арқылы күніне 20 млн баррель көлемінде мұнай тасымалданатынын айтқан.

Еске сала кетейік, 1 қазан күні Иран Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильге жүздеген баллистикалық зымыран ұшырды. Иерусалим мен Тель-Авив қалаларында жарылыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз