Акция саудасынан түсетін пайдаға салық салына ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстан миноритар акционерлер қауымдастығы (QAMS) ел азаматтары бағалы қағаздар саудасынан алатын кірісінің салық салынатын шегін енгізуді ұсынады. Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі акциялар саудасы мен дивидендке салық салу бастамасын көтерген болатын.

Жеке инвесторлар қауымдастығы бағалы қағаз өсімі мен одан түсетін жылдық табыс 100 мың АЕК-тен асса ғана, салық салған жөн деп тұжырымдайды. Биыл 100 мың АЕК 267,2 млн теңгені құрайды.

Яғни, инвестор бағалы қағаздарының қымбаттауы мен дивидендтерінен жылына 267 млн теңгеден аса пайда көрсе – салық төлейді. Ал бұндай пайда көрмесе, салықтан босатылуы тиіс.

Қауымдастық өкілдері бұл бастамалары Қазақстан қор нарығын дамытып, оның халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталғанына сенімді. Сонымен қатар, бұл өзгерістер жеке инвесторларды қолдауға, ал ірі қаржы топтарының салық жеңілдігін өз пайдасына жаратудың алдын алмақ.

QAMS қандай шешім ұсынады?

Біріншіден, АХҚО биржасындағы жеңілдіктерді сақтау. Қауымдастық пікірінше, 2066 жылға дейін АХҚО заңымен бекітілген салық жеңілдігін сақтау маңызды. Атап айтқанда, АХҚО биржасында тіркелген бағалы қағаздар бойынша құн өсімі мен дивидендтерге салық салмау. Бұл шара елдің инвестициялық ортасын тұрақты етіп, шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығына деген сенімін нығайтады.

KASE және AIX биржаларындағы бағалы қағаздар үшін салықтық жеңілдіктерді сақтау: QAMS Қазақстанның ішкі нарығын қолдау мақсатында KASE (Қазақстан қор биржасы) және AIX (Астана халықаралық биржасы) биржаларында тіркелген бағалы қағаздардан алынатын дивиденд пен құн өсіміне салық салынбайтын жеңілдіктерді де сақтауды ұсынады. Бұл жеңілдіктер жергілікті инвесторлар үшін қор нарықтағы белсенділікті арттырып, Қазақстанның мұнай-газ саласынан тыс секторларына инвестициялар тартуға көмектеседі.

Инвесторларға шығынын өтеу мүмкіндігін беру: Қауымдастық жаңа Салық кодексі жобасында жеке тұлғаларға шетелдік нарықтарда бағалы қағаздармен жасалған операциялардан келген шығынды сальдолау құқығын беруді ұсынады. Бұл ретте инвесторлар шекккен шығын 2020 жылдан бастап үш жыл ішінде өтеуге және брокерлік комиссиялар сияқты бағалы қағаздармен байланысты шығындарды салық салынатын базадан шегеруге мүмкіндік беру ұсынылады. Бұл өзгерістер жеке тұлғалардың инвестициялық шығындарын ескере отырып, қор нарығындағы белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі кезде жеке тұлғалар дивидендтен түсетін табысы 30 мың АЕК-тен аспаса (2024 жылы 110,8 млн теңге), салық төлемейді. Бұл сомадан асып кетсе, инвесторлар 10% салық төлеуі тиіс.

ҰЭМ ұсынысына сала мамандары бірауыздан «жеңілдіктердің жойылуы инвесторлардың Қазақстан қор нарығынан кетуіне ықпал етеді» деп пікір білдірген. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов дивидендке салық салуды қолдамайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз