Қытай Алматы іргесінде бой көтеретін Алатау қаласының құрылысына көмектеспек
Қытай Алматының солтүстігінде бой көтеретін Алатау қаласының құрылысына көмектеспек. Вице-премьер Қанат Бозымбаев Қытай даму институтының вице-президенті Цзянь Цюймен Алатау қаласын салу мәселелері бойынша келісімге қол қойды.
Қытай даму институты (China Development Institute) – 1989 жылы Шэньчжэнь қаласында құрылған тәуелсіз аналитикалық орталық. 2015 жылдан бастап Қытайдағы жетекші аналитикалық орталықтардың бірі ретінде танылған. Екі жақты кездесуде Қанат Бозымбаев Қазақстанды Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағын дамытудағы тәжірибесі қызықтыратынын атап өтті.
«Жобалық кеңсе аясында заңнамалық өзгерістер енгізу, инвестиция, инфрақұрылым, жер мәселелері және сауда бойынша сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, үш жұмыс тобы құрылды. Барлық топтар тиісті жұмыстарды атқаруда. Бізге Алатау қаласын құру бойынша ынтымақтастыққа қуаныштымыз және сіздің ұйымыңызды кеңесші және консультант ретінде көргіміз келеді», — деді Қанат Бозымбаев.
Алатау қаласы биыл қаңтар айында Президенттің жарлығымен құрылған болатын. Мамырда қаланың бас жоспары бекітілсе, қазан айында вице-премьер Қанат Бозымбаев төрағалық ететін Жобалық кеңсе құрылған.
CDI вице-президенті Цзянь Цюй Alatau арнайы экономикалық аймағын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істейтінін айтады. Аталмыш институттың 10 елде АЭА құру тәжірибесі барын атап өтті.
«Біз білімімізбен бөлісуге және нақты мәселелер бойынша қажетті ұсыныстар беруге дайынбыз», — деп атап өтті Цзянь Цюй.
Айта кетейік, Алатау қаласын дамыту жөніндегі жобалау кеңсесі жұмысын бастап кетті. Қанат Бозымбаев қаланы құрудың алғашқы нәтижелері дәл 6 айдан кейін ұсынылуы керектігін айтқан болатын.
Алатау Алматы қаласының солтүстігінде бой көтереді. Бұл орын Алматыны «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығымен (Қытай) байланыстыратын маңызды дәліз саналады. Сонымен бірге А3 (Алматы – Қонаев) автомагистралі бойында орналасқан және «Жаңа Жібек жолы» бастамасының стратегиялық артықшылықтарына ие.
Қыркүйектің 13-і күні Қасым-Жомарт Тоқаев Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде Alatau City жобасын талқыланды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданған. Президент осындай жобаларды іске асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.