Алматыда жер сілкінді: 112 хабарландыру жібермеді
Алматы қаласында 5 қараша сағат 10:00 шамасында жер сілкінді. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Жер сілкінісінің негізгі ошағы Қазақстан шекара аумағында екені, Алматы қаласынан 33 шақырым қашықтықта орналасқаны белгілі. Қала тұрғындары толқудың 3 балл сезінсе, Талғар мен Есікте 4 балл болған.
Еуропалық сейсмологиялық орталықтың хабарлауынша, жер сілкінісінің негізгі ошағы Қазақстанның шығыс жақтағы шекарасында болған. Тереңдігі – 10 км. Магнитудасы – 4.7.
Бұған қоса, төтенше жағдайлар департаменті ғимараттарды тексеріп, мониторинг жүргізе бастады. Қалада жағдай тұрақты екені хабарланды.
31 мамырда Алматыда Mass Alert жүйесі іске қосылған. Бұл төтенше жағдайлар кезінде құлақтандыру жүйесі. Дегенмен, 5 қарашадағы жер сілкінісі кезінде құлақтандыру жүйесі жұмыс істеген жоқ.
Айта кетейік, қаңтар айында Алматыда магнитудасы 6.7 болатын, 5 баллдық жер сілкінісі болған. Қаңтарда журналистер алдына шығып, жағдай туралы баяндаған Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан жоғары болғанда соғылатынын айтқан еді.