Қазақстанда қыс мезгілінде де төсеуге болатын «жылы асфальт» сынақтан өтуде

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Технология жол жұмыстарын суық мезгілде жүргізуге және энергия ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді / Фото: kursiv.media 

Енді суық ауа райында да жолдарға асфальт төсей беруге болады. Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары (ҚазжолҒЗИ) қыс мезгілінде де төсеуге болатын «жылы асфальт» ойлап тауып, оны технологиясын сынақтан өткізіп жатыр. Министрлік болса бұл жаңа қоспа жолдардың мерзімінен бұрын тозуын болдырмайды деп сендіруде.

ҚазжолҒЗИ мамандары сынап көріп жатқан жаңа технология ауа температурасы -10 градуста асфальт төсеуге мүмкіндік беретінін айтады. Арнайы қоспа ауа райы суыған кезде де жол құрылысы жұмыстарын жалғастыруға еш қиындық туғызбайтынына сендіріп отыр. Мәліметке сенсек, бұл әсіресе құрылыс маусымы 3-4 айға ғана созылатын еліміздің солтүстік өңірлері үшін маңызды.  

«Жол құрылысы стандарттары бойынша, асфальт-бетон қоспасының температурасы жол салу кезінде кемінде 125-130 градус болуы керек, ал асфальт тек +5 градустан жоғары ауа температурасында ғана төселуі тиіс. Алайда ғалымдар қоспаны 90 градус температурада дайындап, оны -10 градусқа дейінгі температурада төсеуге мүмкіндік беретін кешенді қоспаны ойлап тапты»,- деп хабарлады  Көлік министрлігі.

Арнайы қоспаның зертханалық сынақтары алдымен Алматыдағы «ҚазжолҒЗИ»-дың лабораториясында жүргізілген. Нәтижесінде жаңа қоспа қатал климаттық жағдайда жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмайтынын көрсеткен.

«Технология республикалық маңызы бар Күрті-Бұрылбайтал жолында сынақтан өтуде. Егер сынақ сәтті өтсе, бұл технология жол құрылысы маусымын ұзартып, энергия ресурстарына кететін шығынды қысқартып, асфальт-бетонды қыздыруға байланысты көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік бермек»,- делінген хабарламда.

Сондай-ақ оқыңыз