Қазақстандықтардың қайырымдылыққа қаржы жұмсауы әкімдіктердің бақылауына алынуы мүмкін
Қазақстанда «қайырымдылық жасау ісін» мемлекеттік бақылауға алу туралы заң жобасы дайындалып жатыр. Ол бойынша төтенше жағдайлар кезінде қаржыны тек әкімдіктер белгілеген қайырымдылық ұйымдары жинай алады. Бұл туралы заң жобасын дайындау тобының мүшесі Светлана Ушакова жазды.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы жұмыс тобында заңнаманы өзгерту мақсаттары талқыланған бірнеше отырыстар өтті. Бұл түзетулер ФАТФ (терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ұйым) ұсынысын іске асыруға қатысты. Өзгеріс коммерциялық емес ұйымдарға, соның ішінде қайырымдылық ұйымдарына әсер етеді. Қазір түзетулер қайырымдылық ұйымдарын шамадан тыс бақылауға алып келуі мүмкін деген алаңдаушылық бар», – деп жазды Ушакова Facebook парақшасында.
Оның ақпаратына сәйкес, «қайырымдылық жасау» туралы заңнаманы бұзғаны үшін ұйымдар да, жеке тұлғаларда айыппұл салу ұсынылған. Қаражатты қате пайдаланғаны үшін айыппұл 200 АЕК-ке жетуі мүмкін.
Бұдан бөлек, әкімдіктерге қаражат жинауды бақылау функциясын беру ұсынылған. Яғни қайырымдылық ұйымдары әкімдіктен аккредиттеу өтуге міндеттеледі. Бұған қоса, төтенше жағдайлар кезінде қандай ұйымның қаржы жинайтынын да әкімдіктер шешуі мүмкін.
«Бұл басқа ұйымдардың адамдарға көмектесу мүмкіндігін шектейді. Қаражат жинау жөніндегі бірыңғай операторды енгізу де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қамтиды», – делінген жазбада.
Ұсыныстар қатарында жеке тұлғаларға қайырымдылық мақсатында қаражат жинауға тыйым салу да жазылған. Бұл ережені бұзғаны үшін 80 АЕК айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін.