Соңғы 3 жылда мүгедектігі бар балалар саны 11,4%-ға артқан. Министр себебін түсіндірді
Соңғы уақытта Қазақстанда мүгедектік көрсеткішітері көтеріліп жатыр. Елде жалпы мүгедектігі бар адамдардың 84%-ы ересектер болса, 16%-ы 18 жасқа дейінгі балалар екен. Денсаулық министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда мүгедектігі бар балалардың саны артқан. Бұл жайлы Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
«Бұл көрсеткіш елдегі балалардың жалпы санының шамамен 1,6%-ын құрайды. ДДҰ мәліметтері бойынша мүгедектікке шалдығу деңгейінің 2-3% әлемдік статистикасына сәйкес келеді»,- деді министр.
Министрдің айтуынша, соңғы 3 жылда мүгедектігі бар балалардың саны 11,4%-ға артқан. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл көрсеткіштің арту себебін сұрады. Министр мүгедектігі бар балалар санының артуын елде ерте диагностика жасау тәсілдерінің жетілдірілгенімен түсіндірді. Яғни балаар арасында аутизмді ерте анықтау тәсілі жетілген.
«Десе де, туа бітті аномалияларымен дүниеге келетін балалар саны көп. Қазіргі таңда бұл көрсеткішті төмендетуді көздеп отырмыз. Бұл орайда жүкті әйелдердің денсаулығына бір күндік емханаларда скрининг жасау әдісін енгіздік. Елдің 10 өңірінде осындай шаралар атқарылды. Нәтижесінде 201 туа бітті аномалиялары бар жүктіліктің алды алынды»,- деді министр.
Олжас Бектенов мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алу көрсеткішінің де төмен екенін айтып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан себебін анықтады.
Министр арнайы хаттама әзірленіп жатқанын, сол құжат негізінде мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс таңдау өқңайырақ болатынын айтты.
«Біз мүгедектігі бар адамдардың кәсіптік ерекшеліктерін ескерте отырып әлеуметтік және кәсіптік оңалту бойынша 7 хаттама әзірледік. Аталмыш хаттама бізге не береді? Бұл мүгедек азаматтардың жеке кәсіптік қасиеттерін ескере отырып, қандай жұмысқа жарамды екенін анықтайды. Биыл бос жұмыс орнына 7700 азаматты жұмысқа тұрғыздық. субсидияланатын жұмыс орындарына 8400 азаматты орналастырдық»,- деді министр.
Сонымен бірге Жақыпова республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мұндай азаматтар мен балаларға төленетін жалпы шығыстар көлемінің жыл сайын 22%-ға артып отырғанын, осы жылы бұл сома 748,5 млрд теңгені құрағанын айтты.