Жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төленбей ме? – Жақыпова жауап берді
Осыдан бірнеше күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлеуді тоқтату мәселесін көтеріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Үкімет сағатынан кейінгі брифингте министр мұндай ұсынысты не себепті көтергенін түсіндірді.
Ведомство басшысы қазіргі уақытта жұмыс істеп, қосымша зейнетақы алып жүрген зейнеткерлердің қаражаты қысқартмайтынын айтты. Ал осыдан бірнеше күн бұрын тарап кеткен ақпараттың көпшілікке қате жеткенін, сондықтан журналистерді халықты жаңылыстырмауға шақырды.
«Ол күнгі брифингте біз зейнетке ерте және кеш шығу тәжірибесі туралы айтқан болатынбыз. Бұл тәжірибені енгізу тек ұсыныс ретінде, жастарды жұмыспен қамтудың бір шешімі ретінде қарастырылды. Яғни жасы келген азаматтар қаласа, зейнетке ерте шыға алады. Болмаса, зейнетке шығу уақытын созып, жұмысын жалғастыра береді. Мұндайда зейнетақы төленбейді. Бұл әзірге сарапшылардың ұсынысы ғана. Бұған қатысты алдағы 1-2 жылда ешқандай реформа болмайды. Ал қазір жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің ақшасына ешкім тиіспейді»,- деді.
Сонымен бірге министр мұндай ұсыныстар еңбек нарығындағы жағдайға байланысты көтеріліп жатқанын атап өтті. Айтуынша, 2024 жылы еңбек нарығына жаңадан 300 мың азамат келген және оларды жұмыс орнымен қамту маңызды.
Еске сала кетсек, бұл мәселені Светлана Жақыпова 1 қараша күнгі брифингте қозғаған болатын. Министр сарапшылардың қазақстандықтарға зейнетке кеш шығатын азаматтардың есебінен зейнетке ерте шығуға ниетті адамдарды зейнатақымен қамту мәселесін ұсынып жатқанын айтқан еді.