Дональд Трампқа берілген дауыс саны АҚШ президент сайлауында жеңу үшін қажет межеден асты – БАҚ

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланды
Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тағы ірі бұқаралық ақпарат құралдары президент сайлауы аяқталған аймақтардағы дауыс нәтижелерін жариялай бастады. Алдын ала санау нәтижесінде Республикалық партияның өкілі Дональд Трамп айқын басымдықпен алда келеді.

Миллиардер Дональд Трамп 270-тен астам сайлау алқасының дауысын жинап, АҚШ президентінің сайлауында Демократиялық партия кандидаты Камала Харристен озды.

FoxNews телеарнасының ақпаратына сүйенсек, Трамп межелі 270 сайлау алқасының дауысын жинап, тіпті асып түскен. Басылым Трампта 277 сайлау дауыс, Харристе – 226 дауыс бар деп есеп шыққан. Reuters жазуынша, өкілдер палатасының спикері Майкл Джонсон Дональд Трамп АҚШ-тың заңды сайланған президенті деп мәлімдеген.

Елде дауыстарды санау әлі жалғасуда. Трамп өз жақтастарымен кездесу өткізу үшін Флоридаға келген. Онымен бірге бұл жиынға сайлаудағы басты демеушілерінің бірі миллиардер Илон Маск та келген.

«Күн сайын сіздер үшін күресемін. Біздің балаларымыз үшін Американы қауіпсіз және гүлденген елге айналдырмайынша тыным таппаймын. Бұл Американың алтын ғасыры болады», – деді Трамп жақтастарымен кездесу кезінде.

CNN және NBC News деректері Трамптың алға озғанын көрсетеді. Ең ірі штаттардың бірі Пенсильваниядағы сайлау нәтижелерінің 95% саналып үлгерген. Алдын ала болжамы бойынша Трамп Пенсильванияда 50%, Харрис 48% жинаған. Бұл басылымдарда әзірге Пенсильванияның толық нәтижесі жария болмады. Дегенмен «Трамп 266 дауыс, Харрис 218 дауыс жинады деген ақпарат» бар.

Трамп «құбылмалы» штаттарда, яғни Пенсильвания, Джорджия, Солтүстік Каролина, Невада, Аризона, Мичиган және Висконсинде көш бастаған. Бұл штаттарда жалпы 93 сайлау алқасы болғандықтан, екі кандидат та осы аймақтарға айрықша басымдық берген.

Сондай-ақ оқыңыз