Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін орындайтын Boeing 787 Dreamliner ұшағы елге 2025 жылдың жазында жеткізіледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері қашан ашылады? / Архив: kursiv.media

Кейінгі төрт жылдан бері талқыланып жүрген мәселе шешілді. Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін орындауға мүмкіндік беретін ұшақ 2025 жылы елге жеткізіледі. Бұл туралы Green Airports аймақтық форумы барысында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду айтты.

«Біз келесі кезеңге дайындалу үшін АҚШ Федералдық әкімшілік қызметкерлерімен техникалық бағалауды аяқтадық. Бұл процесс толықтай Америкаға ұшатын әуе компания АҚШ Мемлекеттік департаментіне рейстер ашу бойынша өтініш берген кезде басталады», – деді Каталин Раду.

Осыдан кейін АҚШ Федералдық әкімшілігінің қызметкерлері Қазақстанға арнайы міндеттерді орындай алу мүмкіндігін тексеру үшін келеді.

«Біз толық дайынбыз. АҚШ Федералдық әкімшілігінің қызметкерлері жүргізген техникалық бағалау біздің дайындығымыз ең жоғары деңгейде екенін көрсетеді», – деген спикер ұшақтарды жеткізу мәселесіне тоқталды.

«Қазір біз білетін мәліметтерге сүйенсек, Dreamliner ұшағы 2025 жылдың жазы немесе соңына дейін Қазақстанға жеткізіледі», – деді Каталин Раду.

Еске сала кетсек, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі 2020 жылдан бері талқыланып келеді. 2021 жылдың қарашасында құзырлы ведомство Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу 2025 жылға қарай жоспарланғанын хабарлады. Мамандардың айтуынша, оған бірінші кезекте ұзақ қашықтыққа ұшатын B-787 Dreamliner ұшағын сатып алу керек еді. Алайда әуе кемесін сатып алу пандемияға байланысты 2025 жылға шегерілді.

Сондай-ақ оқыңыз