Депутат футбол және басқа да спорт клубтарын жекешелендіруді ұсынды
Қазақстанда кәсіпқой спорт, әсіресе футбол саласына бөлініп жатқан қаржының мөлшері қоғамда әрдайым қызу пікірталас тудырып келеді. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстандағы спорттық клубтарды, соның ішінде футбол клубтарын жекешелендіру туралы ұсыныс жасады. Бұл мәселені «Ақ жол» фракциясы Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктігіне сауал жолдады.
Спортқа бөлінетін қаржы және оның тиімділігі
Депутаттың айтуынша, 2018-2023 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры төрт кәсіби спорт клубына 138 млрд теңге бөлген. Мысалы, «Астана» футбол клубы – 50,1 млрд, «Барыс» хоккей клубы – 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» вело тобына – 31,5 млрд теңге алған. Осындай қомақты қаржы жұмсалғанымен, Қазақстан спорттық көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижеге жете алмай келеді.
Футболдағы жемқорлық мәселесі
Футболға бөлінген қаржының тиімсіздігі және оның көлеңкелі жақтары да депутаттың назарында. Қазақстан әлемдік ФИФА рейтингісінде төменгі қатарларда болса да, елде ең жоғары жалақы алатындар қатарында футболшылар тұр.
«Президент Тоқаев 2023 жылы спорт федерацияларына ревизия жүргізуді тапсырды. Содан бері екінші жылға кетіп барады, бір ғана федерацияға ревизия жасалған. Атышулы футбол федерациясына әлі ешкім жолаған жоқ», деді депутат.
Сондай-ақ Қазыбек Исаның айтуынша, төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп ойсырай ұтылған, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік Чершесовке Барменқұлов басқаратын футбол федерациясы 640 млн тг төлейді.
Сонда біз Черчесовке қарсыластың емес… біздің ұлттық құраманың қақпасына салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз!?, деді Иса.
«Ақжол» фракциясы келесідей ұсыныстарды ұсынды:
1.Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік барлық спорт федерациялары мен кәсіптік спорт клубтарына ревизия жүргізуі тиіс.
2.Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Сондықтан, бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет;
3.Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ұлттық спортқа, бұқаралық спортқа жұмсалуы керек.
4.Осы уақытқа дейін мемлекеттен жалпы спортқа, соның ішінде футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені, ол халық қаржысы!
Еске сала кетейік, бұған дейін Антикор «Астана» футбол клубын сынға алғаны туралы жазған едік. Соңғы алты жылда Астаналық клуб балалар футболы мен инфрақұрылымға көңіл бөлмей бюджетті легионерлерге ғана жұмсап келген.
Сондай-ақ, «Барыс» хоккей клубына 2023 жылы 8,5 млрд теңге бөлінгені туралы жазған едік. Ал, биыл «Барыс» легионерлермен қош айтысып жергілікті ойыншылармен ойнағанды жөн көрді.