Хасан Қасымбаев қылмысқа тапсырыс беруші ме?

Жарияланды

«Хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы делініп жүрген Хасан Қасымбаевтың адамдары ұрып-соғып, алып кеткен Алмас Әлімовтің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Қазан айының соңында бізді ескі ісіміз бойынша Алматы облыстық полиция департаментіне шақырды. 2021 жылы менің балам Арман Әлімовты ұрып-соғып, ұрлап кеткен. Оны айдалаға апарып, қинаған. Сот дауы үш жылға созылды. Жаңа ашылған жайттар бойынша, біздің ісімізді көтерген секілді», – дейді жәбірленуші Арман Әлімовтің анасы.

Оның айтуынша, олар полицияға арызданып, бұл істе тапсырыс беруші Хасанды Қасымбаев деп куәлік берген.

«Қасымбаев Хасанды тапсырыс беруші деп атадық.  Қалғаны ұрып-соғып жатқанда, біреуі Хасан Қасымбаевпен телефон арқылы сөйлескен. Ол жерге кейін Хасан Қасымбаевтың өзі келіп: «Тастаңдар оны, жазасын алды», – деген соң, қалғандары көліктеріне отырып, кетіп қалған», – дейді жәбірленушінің анасы.

Соққыға жығылған Арман есін жиған соң, інісіне қоңырау соққан. Өзін фотоға түсіріп жіберген. Бірақ ол інісін күтпей, таныс такси жүргізушісін шақырып, алып кетуді өтінеді.  Дүкеннің қасында қалған велосипедін алуға барғанда, дүкен қожайыны жәбірленушінің інісіне оқиғаның бейнежазбасын ватсап арқылы жібереді.

«Жедел жәрдем келгенде, айналасында полиция қызметкерлері болды. Оны жан сақтау бөліміне жатқызып, шұғыл ем-дом жасай бастады. Жарты сағаттан кейін құрамында үш адам бар шұғыл әрекет тобы келіп: «Сен осы қалада тұрасың» деп қорқытып, арыз жазбауға көндірмек болады», – дейді жәбірленушінің анасы.

Інісі ашуланып: «Қылмыстық іс қозғаудың орнына, бізге қысым көрсетіп жатырсыңдар ма?» – деп айғайға басады. Ағасының өміріне алаңдап, оны сол түні Алматыға әкетіп қалған.

«Өйткені, ұдайы  қысым жасалды. Арасында қоқан-лоқы да болды. Менің балам ауруханада үш апта жатты. Осы уақытта қан қысымы түспеді», – дейді жәбірленушінің анасы.  

Жәбірленуші тараптың арызын полиция әрең тіркепті. Басында тек қана бұзақылық деп тіркеген. Артынша адам ұрлау бабы қосылған.

«Тергеу біздің қатысуымызсыз өтті. Мені кіргізбеді, ол кезде балам ауруханада жатты», – дейді Арманның анасы.  

Талғар соты адам ұрлығын тіркемей, тек қана бұзақылықты қарап, күдіктілерді сот залынан босатқан. Істе жәбірленушінің жарақаты жеңіл деп көрсетіліпті.

Бұған наразы жәбірленуші тарап аппеляциялық арыз түсіреді. Осы уақыт ішінде күдіктілер бұдан да ауыр қылмыс жасаған. Олар Алматы қаласының Алмалы ауданында бір караоке-барда тағы бір жас жігітті өлтіріп, екіншісін майып қылған. Содан кейін ғана сең қозғалып, үш адамды жеті- сегіз жылға соттайды.

Жәбірленушінің анасы Талғар ауданының құқық қорғау органдарының үстінен арызданады. Содан кейін Талғарға тергеу тобын жібереді. Істі көтеріп, істі қайтадан жалғастыруға шешім қабылдаған.

«Жаңа тергеуші тағайындап, бесінші адамды тапты. Өйткені, біз оны сипаттап бердік. Көрсетіп бердік. Фотосын көрсеткенде, біз оны бірден таныдық», – дейді жәбірленуші тарап.

Қасқелең соты денсаулыққа ауыр зиян келтіргенін көрсетіп, бапты өзгертті. Сотталғандарға екі жылдан қосып берген.

Арманның анасының айтуынша, іс қозғалған соң үйінің маңын беймәлім көліктер торуылдай бастаған. Біреулер баласына қоңырау соққан.  Содан кейін жәбірленушілердің үйіне күзет қойылған.

Жәбірленуші тарап Хасан мен Арман арасында кикілжің болғанын жасырмады. Олардың сөзіне қарағанда, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ават елдімекенінде үш ағайынды мен бір хуторлық арасында төбелес болады. Тіпті, оқ атылған. Хасан Қасымбаев «ағайындыларды хуторлықтарға айдап салған – Арман» деп ойлаған. Сондықтан Хасан оның соңына түскен.

«Бізге жаңа облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев келді. Халықпен кездесуге мен де бардым. Мені микрофонға жолатпады. Менің кезегім келген кезде,  Аслан Қасымбаев (бұрынғы Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы – ред.)  микрофонды өшіріп тастады», – дейді анасы.

Сұлтанғазиев ананың шырқыраған дауысын естіп, қабылдауға шешім қабылдайды. Арызын айтқанда, әкім бәрін реттеуге уәде беріпті.

«Хуторлық ұйымдасқан қылмыстық топ бар деп басында-ақ айттық. Талғар – кішкентай қала. Бәріміз білдік. Олардың байланысы мықты. Хасанды туралы айтқанымызда бізді ешкім тыңдамады», – дейді жәбірленуші тарап.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Әлішер Әлішевтің пікірінше, Хасан Қасымбаевтың осы іс бойынша 7-8 жылға қамалуы мүмкін.  

Мұның алдында Талғарлық 16 жасар бала Шерзат Болаттың өлімінен кейін есімі әлеуметтік желіде көп тараған «хуторлық» Хасан Қасымбаевтың 2 айға қамауға алынғаны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз