Швейцариялық сағат, қымбат әшекей: заңсыз актив ретінде мемлекетке берілген ең қымбат бес бұйым
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қалталы Қазақстан азаматтарының мемлекет меншігіне қайтарып берген ең қымбат зергерлік бұйымдары мен аксесуарларының тізімін жариялды. Құны – 214,4 млн.теңге болатын қол сағат, 85 миллионнан кем тұрмайтын зергерлік бұйым бүгінде компания балансында тұр.
Мәселен, мемлекет меншігіне қайтқан небәрі төрт қол сағаттың жалпы құны 283 миллион теңгеден асып жығылады.
Құны 214,4 млн теңге болатын «Ulysse Nardin classico 789-80» қол сағаты
«Ulysse Nardin classico 789-80» қол сағаты шектеулі данамен шығады. Мұндай аксесуардың әлемде небәрі 30 данасы ғана бар. Циферблаты авантюрин мен 18 карат алтыннан жасалған мүсіншелермен безендірілген. Айта кету керек мүсіншелер қолөнер туындысы. Сағат корпусы платинадан, ал бауы аллигатор былғарысынан жасалған. Аксессуар несімен ерекшеленеді дегенге тоқталсақ, жакемар қимылдары шайқас дыбысымен үндеседі. Корпустың диаметрі 42 мм.
Сағат құны екі бөлмелі пәтер бағасына тең…
«Franck Muller Geneve» сағаты Ulysse Nardin classico 789-80″ маркасымен салыстырғанда анағұрлым арзан. Десе де, қарапайым азаматтардың қалтасы көтере алмасы сөзсіз. 29,2 млн теңге тұратын бұл қол сағаттың құны салыстырмалы түрде алсақ, Астанадағы 2 бөлмелі пәтер бағасына пара-пар.
18 караттық қызғылт алтыннан жасалған корпусы сапфир әйнегімен қапталған. Циферблаты рубиндермен, сапфирлермен және цавориттермен безендірілген, сағат тілі рубиннен жасалған.
29 миллиондық «ULYSSE NARDIN Archive Freak Cruiser»
Тағы бір қымбат аксессуар «ULYSSE NARDIN Archive Freak Cruiser» сағаты. Оның құны да алдыңғысымен шамалас. 29 млн тұратын қол сағаттың корпусы 18 каратты алтынмен көмкерілген. Бауының өзі аллигатор былғарысынан тігілген.
Ең арзаны 10,4 млн…
Төртінші ең қымбат қол сағат «Breguet 882U No. 3271» маркалы аксесуар. Алтын корпусы бар, сапфир әйнегімен қапталған. Корпусында және бауында аздаған кетігі бар демесеңіз, бұл сағаттың құны 10,4 миллион теңгеден кем емес.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ең қымбат тұратын әшекей бұйымды да жария етті. Мәселен, екі сырға, алқадағы кулон және екі сақина кіретін зергерлік жиынтықтың жалпы құны 85 миллион теңгеге бағаланған.
Айта кетейік, әзірге қатысушылардың болмауына байланысты бұл әшекей мен аксесуарлар бойынша бірде-бір аукцион өткізілген жоқ. Жалпы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы баланысында 254 актив бар болса, соның 196-ы зергерлік бұйымдар. Бұл бұйымдар сатылымға шығарылды, ал олардан түскен ақша әлеуметтік жобаларға арналған арнайы мемлекеттік қорға аударылады.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жоғарыда аталған ең қымбат бес бұйымның бұрынғы иелерінің есімін жариялауға болмайтынын атап өтті. «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға және Премьер-Министрдің бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес компания қайтарылған активтер бойынша мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Айта кетейік, соңғы үш айда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» арнайы мемлекеттік қорға 6,6 млрд теңге қайтарған. Жуырда өткен аукциондардан тағы 6,3 млрд теңге түседі деп күтілуде. Ақпаратқа сүйенсек, компания баланысына бүгінгі күні жалпы құны 90,3 млрд теңге болатын 62 актив берілген.
Бірнеше шетелдегі активтер де «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің баланысына өткен. Мәселен, Дубайдағы 2 вилла, Францияның Антиб қаласында 4 пәтер, Түркияда 2 үй және 1 пәтер, 5 пәтер, 5 қойма бөлмелері, Мәскеудегі 5 автотұрақ компания баланысында.