Астананың тергеу соты Орал қалалық сотының төрағасын 10 күнге қамауға санкция берді
Астананың тергеу соты Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұловты 10 күнге қамауға санкция берген. Сондай-ақ онымен бірге ұсталған адвокат Нұржігіт Фазылғалиевті ешқайда кетпеу туралы тілхатпен босатқан. Ол Ақжайық аудандық уақытша тергеу изоляторынан шығарылды. Бұл туралы Орал апталығы басылымы дерек көзге сүйене отырып хабарлады.
Кеше, 6 қарашада Астана қаласының арнайы ауданаралық тергеу сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өтініші қарастырылған. Астана тергеу соты «ақпаратты БАҚ-қа беру құзырына кірмейтінін» айтып, қабылданған шешімге қатысты мәлімет беруден бас тартқан.
Айта кететін жайт, Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұлов 4 қарашада ұсталып, Теректі ауданының полиция бөлімшесіндегі уақытша тергеу изоляторына әкелінген еді. Онымен бірге, екі адвокат – Әділ Вахмулдин мен Нұржігіт Фазылжанов ұсталған.
Оларға пара алды деген күдік келтірілген. Әңгіме сотталған азаматтың ісін жеңілдету үшін берілген 1,5 миллион теңге туралы болып отыр. Шұғыл тергеу шараларын ҰҚК орталық аппаратының және БҚО департаментінің қызметкерлері жүргізіп жатыр.