Мемлекетке қосымша 525 млрд теңге заңсыз активтер қайтарылды
Мемлекетке қосымша 525 млрд теңге көлемінде заңсыз активтер қайтарылған. Ал жыл басынан бері қайтарылған активтердің көлемі 900 млрд теңгені құраған. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.
Премьер-министр Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізген. Қосымша мемлекет кірісіне 525 млрд теңге аударылғаны сол жиында айтылған. Нақтырақ айтқанда осындай сомаға комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілерінен мемлекет пайдасына қаражат аудару және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерді мақұлдаған.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Биылғы жылдың басынан бастап Комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімдерді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды», – деді Олжас Бектенов.
Бұл қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Оған Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы салынады.