Қазақстан өкіметінің меншігіне өткен шетелдегі жылжымайтын мүліктер кімнен алынды және қанша тұрады?
Дубайдағы беделді Emirates Hills ауданындағы сәнді виллалар, Францияның көк жағалауындағы премиум пәтерлер, Мәскеудегі элиталы жылжымайтын мүліктер – мұның барлығы бай-қуатты қазақстандықтардың мемлекет меншігіне заңсыз алған мүлік ретінде қайтарып берген нысандары. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Қазақстан иелігіне өткен шетелдегі жылжымайтын мүліктердің тізімін ұсынды.
Осыған дейін «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» баланысына өткен бірнеше шетелдегі активтердің барын хабарлаған болатын. Нақтырақ айтқанда Дубайдағы 2 вилла, Францияның Антиб қаласындағы 4 пәтер, Түркияда 2 үй және 1 пәтер, Мәскеудегі 5 автотұрақ компания баланысында тұрғанын мәлім еткен еді. Компанияның мәліметінше, бүгінде Түркиядағы элиталы үйлер мен пәтерлер және Rolls Royce Cullinan и Aston Martin Vantage маркалы қымбат көліктер сатылып кеткен.
Жалпы компания баланысында БАӘ, Франция және Ресейді қоса алғанда 21 нысан бар. Жоғарыда айтып өткен бұл виллалар мен пәтерлердің барлығы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болуы әбден мүмкін. Өйткені, нысандардың саны мен орналасқан жері Бас прокуратураның мемлекетке берген Жылжымайтын мүлік тізіміне толығымен сәйкес келеді.
Дубайдың қымбат ауданындағы виллалар…
Дубай төрінде де екі бірдей қымбат вилла бар. Олар Municipality №394-5969 және №394-5968 деп белгіленген. Жер департаментінің (Dubai Land Department) мәліметі бойынша бұл үйлер Emirates Hills беделді ауданының S секторында орналасқан. Бұл қаладағы ең көгалды ауданның бірі болып есептеледі.
Жылжымайтын мүлік сату сайттарында Emirates Hills ауданы «Дубайдағы Беверли-Хиллз» деп аталады. Мұнда көп қабатты үйлер мен биік ғимараттар жоқ. Барлық виллалар дайын интерьермен, көбісі дайын жиһазбен сатылымға шығарылады. Риэлторлық агенттіктердің сайттарындағы мәліметтерге қарағанда, мұндағы баспананың орташа құны 100 миллион дирхам немесе шамамен 27 миллион АҚШ долларын құрайды.
Екі вилланың мекенжайына екі автокөлік те тіркелген – 155,5 млн теңгеге сатылған Rolls Royce Cullinan және Aston Martin Vantage, ол 30,2 млн теңгеге сатылған.
Францияның Res Parc du Cap кешеніндегі премиум санаттағы пәтерлер
Заманауи дизайны мен жоғары жайлылық деңгейіне ие төрт пәтер Антиб қаласындағы Res Parc du Cap тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл кешен Канн мен Ниццаның арасындағы танымал курорттық аймақ.
Сату туралы хабарландыруларда кешеннің жағажайдан шамамен 200 метр қашықтықта, қаланың тыныш әрі тұрғындарға жайлы ауданында орналасқаны айтылған. Резиденциядағы пәтерлерде теңізге қарайтын үлкен террассалар бар, ал кешеннің өзі биік бақтармен қоршалған.
Res Parc du Cap — бұл 88 пәтері бар екі бес қабатты ғимараттан тұратын кешен. Мұнда бір бөлмелі пәтерлерден бастап шатырында бассейні бар дуплекс пен пентхаустарға дейін ұсынылған. Мысалы, екі жатын бөлмесі бар, 122 шаршы метрлік пәтер 1,85 миллион еуроға бағаланған.
Мәскеудегі «Снегири» және «Золотые ключи» тұрғын үй кешендеріндегі элиталы жылжымайтын мүлік тердің құны қанша?
Ресейдегі 15 жылжымайтын мүліктің 12-сі премиум- санаттағы «Снегири Эко» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл кешенде төрт пәтер және оларға тиесілі төрт автотұрақ пен қойма орындары бар.
Тұрғын үй кешені — Поклонная тауына, саябақ аумағына панорамалық көрінісі бар клубтық үлгідегі 15 кірпіш-монолиттік үйден тұрады. Барлығы 200 пәтерден тұратын тұрғын үй қоры бар. Қазіргі таңда құрылыс компаниясының сайтында үш бөлмелі пәтер 430 миллион рубльге (шамамен 2,1 миллиард теңге) сатылымға қойылған.
Автотұрақ пен қоймасы бар тағы бір пәтер элиталы «Золотые ключи» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл кешенде биіктігі 5-тен 15 қабатқа дейінгі үш монолитті-кірпіш ғимарат бар. Үйлерде қымбат дизайнерлік әрлеумен жабдықталған барлығы 114 пәтер бар.
Пәтерлердің бағасы 28,9 миллионнан 600 миллион рубльге дейін (145 миллионнан 3 миллиард теңгеге дейін) өзгереді.
Түркия: Бодрум мен Стамбулдағы қымбат үйлер мен пәтерлер
Бодрумның әсем көріністері ашылатын беделді ауданында орналасқан екі қабатты виллалар 4 миллиард теңгеге сатылған болатын. Мұны бұған дейін «Қайтарлыған активтерді басқару компаниясы» мәлімдеді. Бірінші вилла Тилкиджик көшесі, 66 мекенжайында орналасқан және 1,8 миллиард теңгеге бағаланған. Ал екіншісі сол көшеде, 9-нөмірлі үй, ол 2,1 миллиард теңгеге сатылған.
Екі үйдің қасбеттері заманауи стильде жасалған және дизайндары де бір-біріне ұқсас.
Ал Стамбулдағы Топханелиоглу көшесіндегі жалпы ауданы 248 шаршы метрді құрайтын пәтер 341 млн теңгеге сатылған.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жоғарыда аталған виллалар мен пәтерлердің және өзге де нысандардың бұрынғы иелерінің есімін жариялауға болмайтынын атап өтті. «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға және Премьер-Министрдің бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес компания қайтарылған активтер бойынша мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Айта кетейік, осыған дейін қалталы Қазақстан азаматтарының мемлекет меншігіне қайтарып берген ең қымбат зергерлік бұйымдары мен аксесуарларына шолу жасаған едік.
Жалпы, соңғы үш айда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» арнайы мемлекеттік қорға 6,6 млрд теңге қайтарған. Жуырда өткен аукциондардан тағы 6,3 млрд теңге түседі деп күтілуде. Ақпаратқа сүйенсек, компания баланысына бүгінгі күні жалпы құны 90,3 млрд теңге болатын 62 актив берілген.
Жұма күні үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекет меншігіне қосымша 525 млрд теңге көлемінде заңсыз алынған активтер қайтарылғанын хабарлады.