Батыс санкциясына ұшыраған компаниялар Нұрлан Байбазаров айтқандай «бір күндік» фирмалар ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Асқар Ахметуллин

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлыбритания санкциясына іліккен қазақстандық компанияларға қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, бұл компаниялар негізінен «бір күндік фирмалар» және нақты ешқандай қызметпен айналыспайды.

«Тексеріс барысында бұл компаниялар ашыла салып, бір келісімшарт жасаған соң, жабылып қалатынын байқаймыз, – деді Байбазаров. – Батыстың қаржы бақылау органдар оларды біраз уақыт өткен соң анықтап, санкция тізіміне енгізіп жатады. Бұл қазақстандық компаниялар санкцияны айналып өтуге тырысады деген сөз емес. Олар тек табыс табуға ұмтылып отырған компаниялар».

Байбазаров Қазақстанның АҚШ және Еуропаның бақылаушы орғандарымен жасалған халықаралық келісімдерді сақтайтынын атап өтті.

7 қарашада Қазақстанда тіркелген 6 компания Ұлыбританияның санция тізіміне енгені белгілі болды. Олар Ресейдің әскери саласына қажет тауар жеткізген деген күдікке ілінді.

Атап айтқанда тізімде: Kazstanex (Абрамов Василий Витальевичке тиесілі), Zapchasttrade (үш құрылтайшысы бар), CPS Energy (Абакиров Константин Калыгуловичке тиесілі), Stanex Group (Пермикин Сергей Ивановичке тиесілі), Rabadaziya (Богославский Денис Анатольевичке тиесілі) және TawKZ (Мураитов Дархан Саматұлына тиесілі).

Бұл компаниялар немен айналысады?

Осы 6 компанияның арасындағы Kazstanex бұған дейін АҚШ санциясына ұшыраған болатын. Компания сайтында өндіруші зауыттардан станок жеткізумен айналысатыны жазылған.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, компания министр айтқандай, «бір күндік фирмаға» ұқсамайды. Өйткені компанияның жұмыс істеп тұрғанына 13 жылдан асқан. 2011 жылы құрылған компания Алматы қаласы тіркелген. 2024 жылдың мамыр айында қайта тіркеуден өткен. Бірінші басшысы да, құрылтайшысы да – Василий Абрамов деп көрсетілген.

Компания 2023 жылы 405 млн теңге салық төлеген. Ал жыл басынан бері 276 млн теңге салық аударған. Ашық дереккөздерде онымен байланысы бар компаниялар жоқ.

Ал Zapchasttrade («Запчастьтрейд» ЖШС) автокөлік бөлшектері сатумен айналысады. Компанияның бірінші директоры – Алмаз Кашиков болса, Құрылтайшылары: Orion Motors Limited, Олег Гринкевич, Вадим Гринкевич. Аталмыш компанияның құрылғанына да 7 жылдан асқан. Компания 2022 жылы – 7,3 млрд теңге, 2023 жылы – 8,1 млрд теңге салық төлеген. Ал биыл жыл басынан бері аударған салығы 5,4 млрд теңгеден асқан.

CPS Energy ««(«СиПиэС Энерджи»ЖШС) компаниясы 2020 жылы Шығыс Қазақтан облысында тіркелген. Түрлі тауарлардың көтерме саудасымен айналысады. egov мәліметіне сүйенсек, бірінші басшысы да, құрылтайшысы да – Абакиров Константин Калыгулович. Салық комитетінің дерегі бойынша, компания 2023 жылы – 23 млн, жыл басынан бері 84 млн теңге салық төлеген.

Stanex Group (МеталСтан ЖШС) көтерме саудаға маманданған, бірінші директоры және құрылтайшысы – Сергей Пермикин. 2012 жылы құрылған компания Алматы қаласында тіркелген. Компания сайтында Қазақстанға станок жеткізумен айналысатыны жазылған. 2023 жылы – 9,3 млн теңге, биыл 5,2 млн теңге салық төлеген.

Rabadaziya («Рабадизая» ЖШС) де т.рлі тауарлардың саудасымен айналысады, ал Денис Богославский бірінші директор және құрылтайшы ретінде көрсетілген. «Рабадизая» ЖШС жоғарыдағы компаниялармен салыстырғанда, жас компания деуге келеді. 2023 жылдың қазан айында тіркелген компания еш салық төлемеген. Оған қоса салық комитеті компанияның тіркелген заңды мекен-жайында жоқ екенін жазады.

Ал алтыншы компания – «TawKz» (ТауКЗ) ЖШС автокөлік бөлшегін сатумен айналысады. Жауапкершілігі шектеулі компанияның негізін қалаған және бірінші директоры – Дархан Мұрайтов. Компания сайтында «өнеркәсіптік мойынтіректер, желілік жылжыту жүйелері, аспаптар, майлау материалдары, құрал-саймандар және басқа да жабдықтар тораптары мен бөлшектер» сатумен айлансатыны жазылған.

Компания 2023 жылдың мамыр айында Астана қаласында тіркелген. 2023 жылы да, биыл да 3 млн теңгедей салық төлеген. Алайда заңды мекен-жайында орналспаған компаниялы тізіміне енген.

Сондай-ақ оқыңыз