Рудный қаласында жарылған жылу құбырлары жедел түрде қалпына келтірілді
8 қарашаға қараған түні сағат 2:00 шамасында Топорков көшесінде орналасқан жеке сектордағы ішкі кварталдық жылу желілерінде зақымдану пайда болды. 8:30-да зақымдану қалпына келтіріліп, кварталдық құбыр қайта іске қосылды, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Әкімдіктің мәліметінше, сағат 6:00-де Строительная көшесіндегі жеке секторда тағы бір зақымдану пайда болып, 27 абонент уақытша жылусыз қалды. Үйлердің ішіндегі температуралық режим сақталды. Апатты жоюға 11 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.
Айта кету керек, бұл құбырлар магистральдық желілерге жатпайды, және осы учаскелерде бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Рудный қаласы бойынша жалпы ішкі кварталдық желілердің ұзындығы 140 км құрайды, оның ішінде жеке сектордағы желілердің ұзындығы 44 км.
Соңғы 2 жылда Рудный қаласында жалпы сомасы 16,5 млрд теңгеден асатын 33,8 км жылу желілері жөнделді. Нәтижесінде, магистральдық желілердің тозу деңгейі 40,3%-дан 31,4%-ға дейін, ал кварталдық желілердікі 71,9%-дан 65,9%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, әкімдіктің мәліметінше, апаттардың саны азайған. 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында магистральдық желілерде 56 апат болса, 2024 жылы тек 5 апат тіркелді. Кварталдық желілерде 2023 жылы 490 жағдай болса, 2024 жылы 318 жағдай тіркелген, оның ішінде жеке сектор бойынша 186-дан 148-ге дейін төмендеген.