Ресейдегі сары май тапшылығы Қазақстанға әсер ете ме?
Ресейдегі сары май тапшылығы, бағасының өсуі шекаралас жатқан Қазақстанның кейбір өңірлеріне ықпал етіп жатқаны байқалады. Мәселен, Орал қаласында сары май бағасы бірден мың теңгеге қымбаттаған. Келісі қазір 5 жарым мыңнан сатылып жатыр.
Ұлттық статистикасы бюросының 1 қарашада жариялаған мәліметі бойынша, сары майдың бағасы 10,4 пайызға қымбаттаған еді. Оған инфляция түрткі болып отырғаны айтылады. Өйткені, басқа да азық-түлік өнімдері 10-15 пайызға дейін қымбаттағаны мәлім.
Ресми деректерге сенсек, Ресейдегі фактордан өзге, бұл өнімнің қымбаттауына басқа негіз болмауы тиіс. Айталық, Қазақстанда биыл сары май өндірісі 18,6%-ға артқан болатын. Бұрын 26,3 мың тонна өндіріп келсе, биылғы көрсеткіш 31,1 мың тоннаға жеткен еді. Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров маусым айының аяғында осындай ақпар берген-ді.
Ол сары май көп өндірілгенімен, өзіндік құны жоғары болып қалғанын айтқан.
Айталық, бізде өндірілген сары майдың бір келісі шамамен 3100 теңге болса, шетелден келіп жатқан өнімдердің бағасы 1800-2300 теңге аралығында.
Десе де, Қазақстан сүт өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырған жоқ. Дені – шетелден келеді. Айталық, сәуір айында сары май импорты 12,5%-ға жеткен еді. 8,9 мың тонна май Франция, Аргентина, Украина, Беларусь елдерінен келіп жатыр.
Сары майдың елімізде қымбаттауына Ресейдегі экспорттың артуы түрткі болғаны аңғарылады. Мәселен, Ресей деректеріне қарағанда, биыл Қазақстан 726 мың тонна сары майды солтүстік көршімізге шығарыпты. Беларусьті есепке алмағанда, алдымызға Әзербайжан (5 407 мың тонна), Қырғызстан (940 мың тонна) түскен. Одан кейін Өзбекстан (160 мың тонна), Финляндия (5 мың тонна) тұр. ТМД елдерінің жеткізген көлем Ресейдің жұмырына жұқ болмайтыны анық. Енді Мәскеу Иран мен Үндістанға көз тігіп отыр.
Айта кететін жайт, қазір Ресейде өзінің сары майы дүкенде сатылып жатқан жоқ. Балмұздақ, тәтті бәліш және басқа да экспортқа шығарылатын өнімдерге пайдаланып жатыр. Сөрелерде тек қана импорттық сары майды ғана кездестіруге болады.
Оның үстіне, ресейліктердің сары майға деген сұраныс арта түскен. Бұл – солтүстік көршімізде осы өнім бағасының қатты қымбаттауына әкелген. 2024 жылдың басынан бері сүт және сүт өнімдерінің бағасы 23 пайызға көтерілген.
Кеңес дәуірі кезінде Ресейде 21 миллион сиыр болса, қазір 7 миллионның ғана төңірігенде. Сары май жасайтын сүт жоқ. Мұны Ресей депутаттары да мойындап отыр. Мемлекеттік думаның Экономикалық саясат жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Николай Арефьев осындай мәлімдеме жасады.
Қазан айының аяғында Ресейдегі ірі сары май өндірушілер өндірісті қысқартып, сауда желілеріне өнім жеткізуді тоқтатқан. Бұдан кейін бағаның шарықтауы мүмкін екенін айтқан. H&N («Простоквашино»), «Милком», «Альметьевский», «Молкомбинат Кунгурский», «Ирбитский молочный завод» және басқа да компаниялар мұның себебін шикізаттың жоқтығымен түсіндірген еді.
Батыспен қарым-қатынастың үзілуіне байланысты үш жылдың ішінде Ресейде сары май импорты төрт есе азайған. Мұны БҰҰ-ның халықаралық сауда статистикасы көрсетіп беріп отыр. 2021 жылы шетелден 38,5 мың тонна сары май келсе, 2024 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 7 тоннаға дейін құлдыраған.
Ресей 2021 жылы 22 елден 157 млн АҚШ долларына сары май сатып алған. 2024 жылы осы өнімді жеткізетін 9 ел ғана қалыпты. Небәрі 42,8 млн АҚШ долларына сары май сатып алған. Ресей 2024 жылдың 9 айында Беларусьтен 89 мың тонна жеткізген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 9 пайызға артық.