Алмаcбек Садырбаев қамалатынын білді ме, ол кімнен күдіктенді?
Әлеуметтік желіде «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбаев 31 қазанда түсірілген бейнежазбасы жария болды. Сөзіне қарағанда, оны олигархтар қаматып отырған көрінеді.
«Егер сіз мына видеоны көріп отырсаңыз, онда мен шектеліп, бәлкім абақтыда отырмын. Мені ол жерге тыққан – олигархтар. Бүгін бізде қазанның 31-і. Осы уақытқа дейін менің үстімнен үш қылмыстық іс қозғалды. Билікті алу, билікке қарсы күрес, елдің арасында наразылық тудыру әрекеттері деп, Ішкі істер министрлігі Ұлытау жұртына, қазақ жерін қорғау амалдарына байланысты қылмыстық іс қозғады», – дейді Алмазбек Садырбаев бейнежазбада.
Оның айтуынша, бұл – тапсырыс, бірақ бірде-бір дәлелі, дәйегі жоқ.
«Бүгінде менің үстімнен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Экономикалық қылмыс бойынша-мыс. Ешқандай құжат жоқ. Мен ауызша да, жазбаша да бұйрық берген жоқпын. Бірақ заңсыз алты баланың анасын, артынан екі баланың анасын абақтыға жауып, ең басты талабы – «бізге Алмасбекті бер» деп, тергеушілер менің үстімнен іс қозғауға әрекет жүргізіп жатыр. Маған жала жауып жапты», – дейді ол.
Алмасбек Садырбаевтың пікірінше, олигархтар оны түрмеге тығуға мүдделі болып отыр. Ол олигархтарды әшкерелеп, күрес жүргізген.
«Сондықтан, қазақ елі, қандай ақпарат болса да, сенбеңіздер. Бәрі олар айтқандай емес», – дейді Алмасбек бейнежазбада.
Мұның алдында Алмасбек Садырбаевтың ұсталғаны туралы жазғанбыз. Алматы облысы қаржы мониторингі агенттігі мен облыстық прокуратура өкілдері оны жайылымдық жері болмаса да, кооператив басшылығы атынан жалған кадастрлық нөмірді көрсетіп, заңсыз 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия алды деп айыптап отыр.