Қазақстандықтарды вакциналау кезінде Face ID технологиясы қолданылатын болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Науқастардың емханаға келгенін тіркеу үшін дәрігерлер кабинетіне камера да орнатылмақшы / Колаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Енді қазақстандықтарды вакциналау кезінде Face ID технологиясы қолданылатын болады. Сонымен қатар елдегі барлық емханаларда науқастарды тіркеу үшін дәрігерлер кабинетіне камера орнатылады. Бұл жайында Денсаулық сақтау вице-министрі  Ербол Оспанов айтты.

«Вакцинация жайына мәселесіне келер болсақ, өздеріңіз білесіздер, бұл тұрғыда мәселелер бар, яғни  әлеуметтік желілерде екпе салынды немесе  салынбады  деген түрлі жалған хабарламалар пайда болуда. Осы  түсініспеушіліктерді жою үшін біз Face ID технологиясын қолдануды жоспарлап отырмыз», – деді  вице-министр ОКҚ брифингінде.

Сондай-ақ, Ербол Оспанов науқастардың емханаға келгенін тіркеу үшін дәрігерлер кабинетіне камера орнатылатынын айтады. Спикердің сөзінше, бұл пилоттық жоба ретінде басталып та кеткен, қазір Астананың 48 емдеу мекемесінде іске қосылған. 2025 жылдан бастап бұл жүйе елдің барлық аймағында енгізілмекші.

«Медициналық ұйымдар пациенттерді сәйкестендіру үшін веб-камералар сатып алуға міндетті болады. Камералардың бағасы 3000-4000 теңгеден басталады, ал егер сапалы, жоғары деңгейде болса, шамамен 15 мың теңге тұрады. Біз шамамен 4000 теңгелік камераларды сынақтан өткіздік, олар қалыпты, үздіксіз жұмыс істейді,» — деді Ербол Оспанов.

Оның айтуынша, Face ID жүйесін енгізу үшін қаржы бөлінбеген, жүйені Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген. Сондай-ақ, дәрігерлер пациенттерді eGov.kz сервисіндегі цифрлық құжаттар арқылы да сәйкестендіре алады.

Еске салсақ, осыған дейін министр Ақмарал Әлназарова жалған құжат толтыру бойынша заңсыздықты жою үшін цифрлық технологияларды қолданылатынан айтқан еді. Басты құрал Face-ID болмақ. Бұл сервис науқастарға медициналық қызмет көрсетілгенін растайды.

Сондай-ақ оқыңыз